Алматы облысында сусыз отырған тұрғындар әкімнің басына шелек кигізе жаздады

0
1 146

Төрт жылдан бері тіршілік нәрінен тарыққан жандардың шағымына ашуланған аудан әкімі тұрғындардың шабуылына тап болды.


Алматы облысында сусыз отырған тұрғындар әкімнің басына шелек кигізе жаздады
ERNUR.KZ Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Көксай саяжайының бүтін халқының төрт жылдан бері көрген күні осы. Есік қаласына тиіп тұрса да, қыста құбыры қатады, жазда жетпейді. Әйтеуір, тіршілік нәріне жарымай жүр, деп жазады Stan.kz.


«Бізді халыққа санамайды. Саяжайдікі дейді. Бірақ салық, жарық пен судың ақысын төлейміз. Әкімдікте «ақша жинаңдар» деп жатыр. 4 млн болса жинап берерміз. 42 млн теңгені қайдан жинап береміз?» - дейді саяжай тұрғыны Әлия Кішкенеева.

Көпшілік төрт жыл төрт мезгілде шенділерді жағалап көрген. Бюджетте саяжайға бөлетін бақыр тиын жоқ, өздерің жинап, құбыр тартыңдар, деген. 42 млн теңгені 750 әулетке шаққанда әр отбасы 30-40 мыңнан шығаруы керек екен. Алайда бес жыл бұрын бүкіл құбырды жөндеп, әр үй 60 мыңнан қаражат құйған. Сонда да су жоқ. Түнде крандарын торауылдайтын жұрт бір тамшы ақса, мұрындарын атқамінерлерге кесіп беруге дайын.

«Бір сағатта бір шелек жинаймыз», - дейді. Бізде ол да жоқ. Біз ондай болса қуанар едік. Бір тамшы су да жоқ», - дейді тұрғын Нұрсұлу Қаландарова.

Бірақ тура сол көрші болып тұратын саяжайдың төрағасының үйінде су сарқырап ағады. Сондықтан халық қолдан жасалған қорлық деп күйінеді. Әсіресе, әкімдіктегілер сол көшбасшыға ысырған сайын іштері ашиды. Оның ісіне де көңілдері толмай, бүгін тура тап берді.

Ал төраға қараша халықты кінәлап бағуда.

«Былтыр су мүлде болған жоқ. Біз құбырды айырбастадық. Халыққа: «Келесі жылы тура осы проблема болады», - деп айтқанмын. Магистральді құбырды айырбастау керек», - дейді саяжай төрағасы Мұхтар Қалмаханбетов.

Сонда бес жыл бұрын айырбасталған құбыр қайта шіріпті. Халық әбден ашуға булыққан соң, ауылдық округтің әкімі де жетті. Бірақ оның сөзіне қанағаттанбаған жұрт басына бос шелекті кигізуге әзір тұр. Өйткені ол нақты қанша тұрғыны сусыз отырғанын білмейді.

«Бұл жерге тіркеуге тұрған халық бар. Тіркеуде жоғы да бар. Енді оны нақты санау қиындау. Санақ жүрілген. Бес мың бала бар. Үлкендерін өзіңіз есептей беріңіз», - дейді Рахат ауылдық округі әкімінің орынбасары Қайсар Болысбаев.

Ақыры аудан әкімінің орынбасары келіп тыныштандырды. Сөйтсе, Есік өзеніне қойылған 40 жыл бұрынғы фильтрдің көлемі тек мың кубты көтереді екен. Екі еселендіру үшін арнайы су жинау қоймасы қажет. Жобасы бар, 4,5 млрд қаражаты жоқ. Егер бюджеттен бөлінсе, 130 саяжаймен қоса, сегіз ауылды сумен қамтымақ.

«Бірақ 42 млн-ға су тарту керек екен дегенді бірінші рет естіп отырмын», - дейді Еңбекшіқазақ ауданы әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Құдайбергенов.

Халықтың қолдан жасалған қорлыққа күмәнданатынындайы бар. Ауыз су түгілі, бау-бақшаларына арналған судың өзі арықтары бітеліп қалды деген желеумен жазда тоқтайды екен. Бірақ бүгін аяқасты егіндері суға малынды.