"Алматы жастары" бағдарламасын қаржыландыру жалғасады – әкімдік

0
999

"Алматы жастары" тұрғын үй бағдарламасын қаржыландыру үшін бюджеттен қосымша 1,4 млрд теңге бөлінеді.


ERNUR.KZ. Алматыда қала әкімі Ерболат Досаевтың бастамасымен "Алматы жастары" тұрғын үй бағдарламасын қаржыландыру жалғастырылады. Бұл туралы Алматы қаласы мәслихатының кезектен тыс сессиясы барысында қаржы басқармасының басшысы Қанат Сухамбеков мәлімдеді, деп жазады sputnik.kz.

Әкімдіктің хабарлауынша, Алматы қаласының бюджетін нақтылау шеңберінде халықтың әлеуметтік осал топтары санатындағы азаматтар үшін әлеуметтік көмек көлемі ұлғайтылды. 585 млн теңге аудандық әкімдіктерге азаматтарға үйде әлеуметтік қолдау көрсетуге, сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар адамдарды қолдауға бөлінеді.
Қанат Сухамбеков атап өткендей, "Алматы жастары" тұрғын үй бағдарламасын қаржыландыру үшін бюджеттен қосымша 1,4 млрд теңге бөлінеді.
Оның айтуынша, бұл әлеуметтік, құқық қорғау, коммуналдық және басқа да салаларда еңбек ететін жас азаматтар үшін қосымша 80 ипотекалық қарыз беруге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін ішкі істер органдарының 2 510 қызметкеріне жергілікті бюджеттен қосымша 2,5 млрд теңге бөлу жоспарлануда.