ERNUR.KZ. Алматыда Bek Air ұшағының апатқа ұшырауынан қаза тапқан Қазақстан генералдар кеңесінің төрағасы Рүстем Қайдаровпен қоштасты, деп жазады tengrinews.kz.
Рүстем Қайдаров 1940 жылы Семей қаласында дүниеге келген. Құқық қорғау органдарындағы қызметін ол 60-жылдары бастаған және көп ұзамай Қазақ және Қырғыз КСР қылмыстық әлемінің сақшысына айналған. Оған Қазақ КСР ІІМ-нің үздік тергеушісі атағы берілген.
Әріптестері Қайдаровты өте бірбеткей, сатылмайтын қызметкер ретінде еске алады. Сонымен қатар оның сезімтал адам болғанын да айтып жатыр.
"Біз онымен 1998 жылы Жезқазғанда таныстық, жұмыс бойынша жақсы араласып тұратынбыз. Сол кезде ол біздің облыстың ІІБ басшысы болатын. Бізге, жастарға көмектесіп, кеңес беріп, әрқашан әкеміз сияқты қарайтын. 2003 жылы ұлым Тамерланға жедел операция жасау керек болды. Оның көз жүйке тамырлары өліп бара жатқан. Бір ай ғана уақытымыз болды. Мен Ресей клиникаларымен сөйлестім, бірақ барлық жерде кезек, адамдар бірнеше ай бұрын жазылып қойған. Тек Новосибирскіде төрт күннен кейін келуге болады деп жауап берді. Бірақ тағы бір мәселе туындады. Ресей - өзге ел болғандықтан төлқұжат керек болды. Ұлым менің төлқұжатыма жазылған, ал менде жүктіліктің сегізінші айы болатын, дәрігерлер маған жолға шығуға тыйым салды. Күйеуім - шетел азаматы, ал баланы оны оған тіркеу кем дегенде бір-екі айды алады. Сол кезде балам үш жасқа да толмаған еді. Сондықтан жеке төлқұжат жасау мүмкін емес еді", - деп еске алады қарағандылық Фарида Тұрсымбекова.
Не істерін білмей дал болған ана Рүстем Қайдаровқа қоңырау шалыпты. Ол бірден ұлының құжаттарын жіберуін сұраған.
"Дүйсенбі күні ұшақпен Алматыға құжаттарды жібердім, ал кешке ол қоңырау шалып, "Төлқұжат менде, ұшақпен жіберемін, күтіп ал" деді. Бейсенбі күні ұлыма операция жасалды. Ол Рүстем Есемханұлының арқасында көзін сақтап қалды. Біз отбасымызбен бұл оқиғаны жиі еске аламыз. Әзілдеп "Төлқұжат" арнайы операциясы деп қоямыз. Осыдан бір апта бұрын оны ұлыммен еске түсіріп, оған бару керек екенін айтқан едік. Үлгермедік", - дейді Фарида.
Рүстем Қайдаровпен қоштаса алмағандар көп. Олардың қатарында Қазақстан Ішкі істер органдары мен ұлттық гвардия ардагерлер кеңесінің төрағасы Өмірзақ Болсамбеков те бар.
"Зейнетке шыққаннан кейін Рүстем теледидар қарап, газет-журналдар оқып үйде жатуына болар еді. Бірақ ол қоғамдық шаруалармен белсенді айналыса бастады, бір минут та тыныш тұра алмайды. Ішкі істер органдарының ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары болды, генералдар кеңесін басқарды. Ал ол шамамен 150 ІІМ, Қорғаныс министрлігі, ҰҚК, прокуратура қызметкерінен тұрады. Мұндай адамдарға мықты көшбасшы қажет және ол Рүстем болды", - дейді ер адам.
ІІМ қызметкерлері Қайдаровты бір минут үнсіздікпен еске алды.