Олар қараңғы түсіп кеткендіктен, қайтар жолды таппай, тауда адасып кеткен.
ERNUR.KZ. Алматы қаласының құтқару қызметінің өкілдері Шымбұлақ шыңында адасып қалған туристердің екі тобын құтқарды, деп жазады ҚазАқпарат.
5 қыркүйек күні кешке қарай Құтқару қызметінің кезекші бөліміне Шымбұлақ шыңында қалып қойған туристер көмек сұрап хабарласты.
«Қоңырау шалушылар Медеудің жоғарғы жағында екендіктерін айтты. Олар қараңғы түсіп кеткендіктен, қайтар жолды таппай, тауда адасып кеткен. Оқиға орнына бес адамнан тұратын құтқару тобы жіберілді. Тәжірбиелі мамандар тауға екі бағыт бойынша көтерілді», - деп хабарлады құтқару қызметі.
Бірінші топ метеорологиялық станцияға, екінші топ «Шымбұлақ» тау шаңғысы курортымен Комби-2 аймағына көтерілді. Іздестіру жұмыстары 2700 және 3200 метр биікте жүргізілді. Құтқарушылар адасқандарды таңғы саға 04:00-де тапты. Барлық 7 турист қауіпсіз жерге түсірілді. Ешкім зардап шеккен жоқ және ешқандай көмек қажет болмады.