Осы орайда отырысқа қатысқан Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев мұндай ұсынысты қолдайтындығын білдірді.
ERNUR.KZ. Қоғам қайраткер Әміржан Қосанов жоғары оқу орындары студенттерінің есірткі пайдаланатындығын не пайдаланбайтындығына тест өткізуді ұсынды. Ол мұндай ұсынысын Мәжілістің жанындағы Қоғамдық палата отырысында жасады, деп жазады inform.kz.
«Маман емеспін, бірақ елдің жағдайын, әсіресе есірткіге байланысты трагедиялық оқиғаларды біліп отырмыз. Менің 2-3 сұрағым бар. Меніңше, есірткі — тек Қазақстанның ғана емес, халықаралық проблема. Заңнамада, практикада халықаралық стандарттар бар. БҰҰ-ның есірткіге қатысты тиісті басқармасы бар. Біздің жоба сол ұйымның сараптамасынан өтті ме? Екіншіден, радикалды қадамдар керек сияқты. Яғни мұнда терапия жеткіліксіз. Есірткі ең алдымен жастарымызға келеді: мектеп, институт, университет. Мынадай ұсынысқа қалай қарайсыздар. Қазір Қазақстандағы есірткіні пайдалану жағдайы шынымен қандай екенін білу үшін мүмкін еркінен тыс болса да, барлық ЖОО-дағы студенттерді есірткі пайдалана ма, пайдаланбай ма деген тесттен өткізсек. Сонда біз Қазақстандағы есірткінің нақты жағдайын білер едік», — деді Әміржан Қосанов есірткіге қарсы іс-қимыл мәселелеріне қатысты заң жобасын талқылау барысында.
Осы орайда отырысқа қатысқан Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев мұндай ұсынысты қолдайтындығын білдірді.
«Ол да дұрыс шығар. Мысалы, біз өз саламызда өткен жылдан бастап, қызметкерлердің бәрін наркоскринингтен өткізіп жатырмыз. Бір саладан басқа салаға ауысқанда, бір қызметтен екінші қызметке, лауазымы жоғарылағанда қызметкерлеріміз міндетті түрде наркоскринингтен өтеді. Шындыққа келсек, арасында кездеседі де, табылып жатады. Ұсыныс жақсы. Оны біз, ІІМ қолдар едік. Студенттер мен мектеп оқушыларын наркоскринингтен өткізу үшін қаншама қаражат та керек», — деді ол.