Ол жерде оқуымен қатар, жұмыс істеуге, қарым-қатынас жасауға, шығармашылық дамуға және спорттық үйірмелерге қатысу үшін жағдай жасалынған.
ERNUR.KZ. Елордадағы көпшілікке арналған 5 кітапханада Білім орталықтары (коворкинг) жұмыс істейді, деп жазады Елорда Инфо.
Бүгінде кітапханалар тек кітап оқитын немесе кітап алатын орын ғана емес, сонымен қатар, оқырманның оқыған кітаптары жайлы ой-пікір алмасып, кездесулер ұйымдастыратын заманауи білім орталықтарына айналып, дамуда. Ол жерде оқуымен қатар, жұмыс істеуге, қарым-қатынас жасауға, шығармашылық дамуға және спорттық үйірмелерге қатысу үшін жағдай жасалынған. Барлық кiтапханаларда қолданушыларға ыңғайлы болу үшiн тегiн Internet орнатылған.
«Орталықтандырылған кітапханалар жүйесіндегі 5 кітапханада Білім орталығы (коворкинг) ашылды. Олар: М.Әуезов атындағы Орталық қалалық кітапханада, Орталық балалар және жасөспірімдер кітапханасында, №5 балалар кітапханасында, №3 балалар кітапханасында және №15 көпшілік кітапханасында орналасқан», - деді Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Гүлбадан Мәдібаева.
Жыл сайын кітапханаларда акциялар, сайыстар, зияткерлік оқулар, тренингтер, онлайн-конференциялар, балалар мен жасөспірімдер кітаптарының апталығы, әдеби кештер, ақпараттық-танымдық сағаттар, кітап көрмелері секілді шаралар өткізіледі.
Айта кетейік, қалалық кітапханалар жүйесіне қарасты 18 кітапханада оқырман саны жетпіс мыңнан асса, жалпы кітап қоры 700 мыңнан асады.