Астанадағы стоматологияда үш жасар қыз қайтыс болған: қайғылы оқиғаның егжей-тегжейі айтылды

0
76

Сараптама қорытындысы баланың өліміне оттегі жетіспеушілігінен мидың ісінуі себеп болғанын көрсеткен.


Астанадағы стоматологияда үш жасар қыз қайтыс болған: қайғылы оқиғаның егжей-тегжейі айтылды

Фото:depositphotos.com

ERNUR.KZ. Астанада жеке стоматологияда көз жұмған 3 жастағы қыздың ісі бойынша сот отырысы жалғасып жатыр. Сараптама қорытындысы баланың өліміне оттегі жетіспеушілігінен мидың ісінуі себеп болғанын көрсеткен, деп жазады tengrinews.kz.

Оқиға қалай болған?

Қайғылы жағдай 2024 жылы 30 қазанда болған. Әкесі қызының 3,5 сағатта жалпы наркоздан кейін оянбағанын айтады. Алайда процедура 3 сағатқа жоспарланған. Әкесі дәрігерлер 18 тісті бірден емдемек болғанын айтты.

Кім сотталып жатыр?

Бұл іс бойынша тек анестезиолог жауапқа тартылып жатыр. Стоматолог сотқа шақырылмаған. Анестезиологқа ҚР ҚК-нің 317-бабы 3-бөлігі бойынша айып тағылған. Ол төрт жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру жазасына кесілуі мүмкін, сонымен қатар үш жылға дейін белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан айырылуы мүмкін.

Сараптама нені көрсетті?

Прокурор сотта медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің сараптама қорытындысын оқып берді. Құжаттарда бірқатар заңбұзушылық анықталған:

  • стоматологиялық карта болмаған;
  • келісім құжаты дұрыс толтырылмаған;
  • консультациялар мен диагноздар толық көрсетілмеген;
  • видеожазбамен сәйкес келмейтін деректер бар: кетотифен, супрастин, кальций сияқты препараттар енгізілген, бірақ құжаттарда жазылмаған.

Сараптама анестезиологтың балада қарсы көрсетілімдер болғанына қарамастан наркоз жасағанын анықтады: тромбоциттер мен электролиттер төмен, педиатрдың рұқсаты жоқ, қажетті тексерулер жүргізілмеген.

Қорытындыға сәйкес, анестезия басталған сәттен бастап науқастың жағдайы күрт нашарлаған уақытқа дейін капнография мүлде жүргізілмеген. Сондай-ақ жүрек-өкпе реанимациясының протоколы - ондағы уақыт, ұзақтығы және енгізілген препараттардың мөлшері құжаттарға тіркелмеген. Артериялық қысым да өлшенбеген.

Баланың жағдайы нашарлағаннан кейін сарапшылар бірнеше ауыр заңбұзушылық жасалғанын анықтаған.

Прокурордың айтуынша, анестезиолог баланың жағдайы қиындай бастаған кезде наркозды керісінше тереңдете берген. 13:55-де анестетик беру тоқтатылғанымен, сол сәтте баланың қысымы 80-ге дейін төмендеген. Алайда 13:58-де дәрігер анестетиктің мөлшерін қайтадан 8 пайызға дейін көбейтіп, баланы тереңірек наркозға енгізген.

Бұдан бөлек, кардиомониторинг наркоз кезінде де, баланың жағдайы нашарлағаннан кейін де жүргізілмегені айтылды.

Сондай-ақ прокурордың сөзінше, жағдай ушыққан кезде жүрек қызметін ынталандыру мақсатында адреналин 0,1 мг дозада енгізілген, алайда бұл мөлшер балаларға арналған жас нормасына сәйкес келмейді.

Қыздың өліміне не себеп болған?

Сараптамаға сәйкес, өлім тіндік гипоксиядан (оттегі жетіспеушілігі) басталып, мидың ауыр ісінуіне әкелген. Бұл жағдай наркоз, өкпенің жасанды желдетілуі, екі жақты пневмония және жүрек-тамыр жеткіліксіздігінің үйлесуімен күрделене түскен.

Сот әлі жалғасып жатыр.