Атырау облысында жол учаскесі жырылғаннан кейін тасқын су деңгейі төмендеген

0
1 262

Қазір аудандағы барлық қауіпті учаскеде тәулік бойы кезекшілік ұйымдастыру қолға алынған.


Атырау облысында жол учаскесі жырылғаннан кейін тасқын су деңгейі төмендеген

ERNUR.KZ. Атырау облысында жол учаскесі жырылғаннан кейін тасқын су деңгейі төмендеген, деп жазады inform.kz.

Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпаратына сүйенсек, Қызылқоға ауданының орталығы Миялы ауылына тасқын су басу қаупі төнген. Елді мекен тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Миялы мен Жангелдин ауылдарының аралығындағы жол учаскесі жырылған.

«Соңғы күндері Ақтөбе облысының аумағынан басталатын Ойыл өзенінде тасқын судың көп келгені байқалды. Су көптігі Қызылқоға ауданындағы Миялы ауылына су басу қаупін тудыруы мүмкін. Сол себептен, Миялы ауылы маңындағы тасқын су деңгейін төмендету мақсатында 11 наурызда сағат 4:30-да Миялы және Жангелдин елді мекендері арасындағы жолдың бір бөлігін арнайы техниканың көмегімен жыру туралы шешім қабылданды. Нәтижесінде ауыл маңындағы су деңгейі төмендей бастады. Тасқын судың негізгі бөлігі Жарыпшыққан өзенінің арнасымен ағып кетті. Осылайша, елді мекенді су басудың алдын алуға мүмкіндік туды», - деп хабарлады өңірлік коммуникациялар қызметінен.

Қазір аудандағы барлық қауіпті учаскеде тәулік бойы кезекшілік ұйымдастыру қолға алынған. Ал, Ойыл өзенінің Қызылқоға ауданы аумағындағы бөлігінде су деңгейі төмендеген. Өзендегі су деңгейі 2,5 метр шамасын көрсетіп тұр.

Аудан орталығы Миялы ауылынан Жангелдин, Ойыл, Көздіғара, Тасшағыл, Жамбыл, Қызылқоға ауылдық округтеріне көлік қатынасы тоқтаған.