Баянауылда күніне 5 мың адам демалады

0
1 220

Бірақ демалыс орнына жету үшін туристерге жол азабын тартуға тура келеді.


Баянауылда күніне 5 мың адам демалады

ERNUR.KZ. Павлодар облысының інжу-маржанына баланатын Баянауыл ауданында туристік маусым ашылды, деп жазады inbusiness.kz.

Жасыбай, Сабындыкөл, Торайғыр көлдерінің жағалауында демалып, тарихи орындарды аралау үшін еліміздің әр аймағы мен Ресейдің көршілес облыстарынан меймандар көп келеді. Былтыр Баянауыл 150 мыңға жуық туристі қабылдаса, биыл 200 мың адам демалады деп күтілуде. Өткен жылы Жасыбай көлінің аумағында инфрақұрылым жұмыстары жүргізілді. Биыл Сабындыкөлде судағы спорт түрлері дамымақ. Атап айтқанда, келушілер судағы шаңғы және виндсерфинг сияқты экстремалды спорт түрлерімен айналыса алады. Олардың қауіпсіздігін арнайы мамандар қадағалайтын болады.

Алайда Баянауылдағы демалыс орындарының барлығында бірдей жақсы жағдай жасалған деуге келмейді. Мәселен, Торайғыр көлінің жағалауындағы инфрақұрылым сын көтермейді. Жергілікті кәсіпкер, ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Ерлік Жарболов туристер санын арттыру үшін алдымен жол мәселесін шешу керек дейді.

«Мен зейнеткерлікке шыққан соң, демалыс орындарының жұмысын ұйымдастырумен айналысып келемін. Торайғыр көліне дейін жол салу мәселесін бұған дейін облыс әкімі болған Бақытжан Сағынтаевқа да, Қанат Бозымбаевқа да айттым. Бірақ бұдан түк шықпады. Демалыс үйлерін салып, туристерді қабылдайық десек, жағалауға жететін жол жоқ. Бірнеше рет құрылыс материалдарын жеткізген жүк көліктері сынып қалып, енді келместей болып кетті. Жазғы уақытта демалыс күндері 50-ге жуық адам жаяу-жалпылап келеді. Жол мәселесі шешілсе, осы аумақтағы сақ қорғандарын тамашалауға, Сұлтанмахмұт Торайғыров кесенесіне баруға ниетті адамдар қарасы қалыңдар деп ойлаймын», – дейді Ерлік Жарболов.

Туристер зор қызығушылық танытатын Қоңыр әулиеге жетердің жолдың сапасы да сын көтермейді. Ойлы-шұңқырлы жолдардан жеңіл көліктердің өтуі мұң. Ал жаңбырдан соң қатынау тіпті қиындай түседі. Қоңырәулиеге апаратын жолға бағыттайтын көрсеткіш белгісінің әбден тозығы жеткен. Әсіресе, іңірде туристер бұл көрсеткішті байқамай, бағытынан жаңылуы мүмкін. Жеткен күннің өзінде келушілерге қызмет көрсетер нысан жоқ. Осындай қиындықтарға қарамастан үңгірдің ішіне кіріп, қасиетті суға жуынуға күніне 500-ге жуық адам келеді.