Көлік қаққанда денесі бөлшектеліп кеткен жаяу жүргіншінің жантүршігерлік видеосы өткен демалыс күндері әлеуметтік желіде жаппай тараған болатын.
ERNUR.KZ. Атырауда жаяу жүргіншіні қағып кеткен көліктің жүргізушісі қамауға алынды. Сондай-ақ жантүршігерлік видеода көрініс тапқан екінші көлік те автотұраққа қойылды, деп жазады Zakon.kz.
Көлік қаққанда денесі бөлшектеліп кеткен жаяу жүргіншінің жантүршігерлік видеосы өткен демалыс күндері әлеуметтік желіде жаппай тараған еді.
Полициядағылар бұл оқыс оқиғаның 21 қыркүйекте болғанын айтты.
"Таңертең 9.30-да Баймұханов көшесімен келе жатқан Toyota Camry көлігінің жүргізушісі жаяу жүргіншіні қағып кетті. Жол-көлік оқиғасы ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 3-бөлігі бойынша тіркелді. Қазіргі уақытта Toyota Camry автокөлігінің жүргізушісіне қатысты сот шешімімен қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы үкім етілді" деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Сондай-ақ полициядағылар сол күні екінші көлік - Mercedes-ті кім тізгіндегенін де анықтағандарын айтты. Видеода екі көліктің бір-бірімен жарысқанын көруге болады.
Mercedes көлігі автотұраққа қойылды.
"Жылдамдықты арттыру бойынша тергеу жүріп жатыр. Бірқатар сараптамалар тағайындалды. Бұдан өзге ақпараттар ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес жария етуге жатпайды" - дейді полициядағылар.