Чехия 20 жылда Қазақстанға 350 млн доллар тікелей инвестиция салған

0
462

Қазақстан нарығында Škoda Auto, Tatra, Home Credit сияқты чехиялық жетекші компаниялар белсенді әрі табысты қызмет атқарып жүр.


Чехия 20 жылда Қазақстанға 350 млн доллар тікелей инвестиция салған

Фото: Ағыбай Аяпбергенов/ Kazinform

ERNUR.KZ. Премьер-министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеумен Чех Республикасының Сыртқы істер министрі Ян Липавскимен кездесуден кейін БАҚ өкілдеріне екіжақты уағдаластықтың басым бағыттарын атады, деп жазады inform.kz.

«Чехия – өзара тауар айналымы бойынша Еуропа аумағындағы ең ірі он сауда серіктесіміздің бірі. Атап айтсақ, былтыр сауда көлемі екі есе өсіп 630 млн доллардан асып түсті. Соңғы 20 жылда Чехиядан ел экономикасына тартылған тікелей инвестиция көлемі 350 млн доллардан асқанын қанағат сезіммен айтуға болады. Бұл тұрғыда алыс-берісімізді әрі қарай арттырып, өзара тиімді жобалар мен бастамаларды ілгерілете беруге дайын екенімізді қуаттадық», - деді ол.

Министрдің сөзінше, Қазақстан нарығында Škoda Auto, Tatra, Home Credit сияқты чехиялық жетекші компаниялар белсенді әрі табысты қызмет атқарып жүр.

«Жалпы екі ел арасындағы машинажасау, энергетика, көлік, ІТ, ауыл шаруашылығы, фармацевтика, әскери техника және жаңа технология салаларындағы жұмысты жалғастыруға келістік. Бұған қоса сауда-экономикалық ынтымақтастығымыздың күре тамыры – көлік транзиттік әріптестікті де дамытуға сөз байластық. Осы тұрғыда маңызды стратегиялық сауда жолдарының біріне айналған Транскаспий халықаралық көлік бағытының зор әлеуетіне тоқталдық. Нақты айтқанда, Азиядан Еуропаға құрлықпен тасымалданатын жүктің 80 пайызы Қазақстан арқылы өтетінін жақсы білесіздер. Жақын арада оны тағы да ұлғайтып, көлемін 10 млн тоннаға жеткізу туралы жоспарымыз бар», - деді Мұрат Нұртілеу.