Дәрігерлер Ақтаудағы жарылыстан зардап шеккендердің жағдайын айтты

0
556

Медициналық мекеменің баспасөз қызметі жарақат алған үш ер адамның Өзбекстан азаматы екенін айтты.


Дәрігерлер Ақтаудағы жарылыстан зардап шеккендердің жағдайын айтты

ERNUR.KZ. Бір күн бұрын Ақтауда техникалық қызмет көрсету станциясында жарылыс болып, салдарынан бір әйел қаза тауып, үш ер адам зардап шекті. Маңғыстау облыстық көпсалалы ауруханасы дәрігерлері зардап шеккендердің жағдайын айтып берді, деп жазады zakon.kz.

Медициналық мекеменің баспасөз қызметі жарақат алған үш ер адамның Өзбекстан азаматы екенін түсіндірді.
Маңғыстау облыстық көпсалалы ауруханасының травматолог-ортопед дәрігері, комбустиолог Самалбек Байболұлының айтуынша, екі зардап шегуші реанимацияда ессіз, ауыр хәлде жатыр.
"Қабылдау кезінде олар күйік шокынан зардап шекті. Екеуі де жасанды тыныс алу аппаратына қосылды. 35 және 19 жастағы зардап шеккендердің тыныс алу жолы, беті, мойын, аяғы мен қолы терең күйік шалған, арқалары күйіп қалған. Олар есін жиған жоқ", - деді маман.

Оның айтуынша, 1972 жылы туған үшінші науқас травматология бөлімшесінде ем қабылдап жатыр.


"Жағдайы тұрақты. Беті мен аяқ-қолын күйік шалған", - деді Самалбек Байболұлы.

2023 жылдың 12 қаңтарында Ақтауда техникалық қызмет көрсету станциясында жарылыс болды. Бір нұсқа бойынша, онда газ баллоны жарылған.