Дәрігерлердің салғырттығынан 7 жасар қыз мүгедек болып қалды

0
2 177

Облыстық ауруханадан жұқпалы аурулар бөліміне жеткізілген Нұрайымды ол жердегілер қабылдамай қойып, қайта емханаға қайтарады. Дегенмен емханада да көмек көрсетіле қоймаған.


Дәрігерлердің салғырттығынан 7 жасар қыз мүгедек болып қалды

Оқиға өткен жылдың 14 қыркүйегінде Тараз қаласында орын алған. Мектептен үйге келген Нұрайым Асылжан іші ауырып тұрғанын айтып, кешке қарай дене қызуы көтерілгеннен кейін жедел жәрдем қызметін шақырады. Туыстары қызды облыстық балалар ауруханасына апарады, деп жазады 24kz.

Облыстық ауруханадан жұқпалы аурулар бөліміне жеткізілген Нұрайымды ол жердегілер қабылдамай қойып, қайта емханаға қайтарады. Дегенмен емханада да көмек көрсетіле қоймаған.

-Баланың соқырішек болуы мүмкін екенін айтты, бірақ олай болмай шықты. Одан кейін қайтадан жұқпалы аурулар бөліміне барды, бірақ тағы да нәтижесіз болды. Осылай үш күн сарыла күтіп, төртінші күні қыздың іш қуысын тексеру үшін лазерлік зерттеуге жібереді. Сол кезде дәрігерлер науқасқа наркоз егеді. Одан кейін бала комаға түсіп қалды. Ол осы күнге дейін қозғала алмайды.», - дейді Нұрайымның әкесі Жандос Айтуов.

Қыздың туысқандары дәрігерлер алдымен сынама жасап, баланың наркозға аллергиясы бар-жоғын біліп алулары керек еді дейді. Олай жасалмады. Бірақ оған мүгедектік рәсімдеп берген.

Ал, дәрігерлердің айтуынша, оқушы қыз ауруханаға 37,6 температурамен түскен. Наркозға қарсы көрсетілім болмапты.

-«Лапароскопия жолымен іш қуысында хирургиялық ауру жоқ екені анықталды. Наркоз кезеңі бірқалыпты өтті. Наркоздан кейін 15 минут өткен соң жасанды тыныс алдыру барысында оның жүрегінің жұмыс қызметі тоқтап қалды. Балада спастикалық тетрапарез бар. Осыған байланысты ол қалыпқа келу үшін ұзақ уақыт емделуі керек. Науқастың жағдайы бойынша жымбыл облыстық балалар ауруханасының әкімшілігінде қызметтік тексеріс жүріп жатыр», - дейді облыстық балалар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Азат Сатжанов.

Бала арада алты минут өткенде ғана өмірге қайтып оралды, бірақ оның ми қызметі тоқтап, комаға түсіп қалған. Ол 20 күн бойы осындай жағдайда жатыпты.

Дәрігерлер әзірге баланың толыққанды жазылып кететіні туралы болжам жасай алмайды. Оқушының ата-анасы шетел емханаларына да хабарласып көрген. Оларға израильдік дәрігерлер көмектесе алатынын айтқан, бірақ емделу құны 60 мың доллар тұрады. Баланың емделуіне облыстық денсаулық сақтау басқармасы да көмектесуге дайын. Олар оқушы қызды квота алу кезегіне қоюға уәде беріпті.