Екібастұзда екі студент бір сағат бойы таяқ жеген: жігіттің біреуі жансақтау бөлімінде жатыр

0
169

Іс тергеліп жатыр.


Екібастұзда екі студент бір сағат бойы таяқ жеген: жігіттің біреуі жансақтау бөлімінде жатыр

Фото: istockphoto.com

ERNUR.KZ. 29 қыркүйекте кәмелетке толмаған екі студентті белгісіз біреулер кешкі 6-дан 7-ге дейін №21 мектептің жанындағы алаңда ұрып-соққан, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

«Менің жиенімді аяусыз ұрған. Біз оларды түнгі сағат 00:30-да тауып алдық. Қылмыскерлерді іздеуге көмек керек. Осы уақытта аталған шағын ауданда күдікті адамдарды көрген болсаңыз, хабарын берсеңіздер. Қазір ол жансақтау бөлімінде жатыр», - дейді зардап шеккенің апасы.

Павлодар облысының білім басқармасының ақпараты бойынша, екеуі де Екібастұз колледжінде оқиды.

«2024 жылдың 29 қыркүйегінде кәмелетке толмаған екі бала әртүрлі жарақаттармен қалалық ауруханаға түсті. Оқиғаның мән-жайын құқық қорғау органдары анықтап, тергеу іс-шараларын жүргізіп жатыр», - деп түсіндірді ведомствода.

Pavlodarnews.kz хабарлағандай, тергеу туралы ақпаратты полиция растаған.

«Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Полиция күдіктілерді ұстады. Қазір мән-жай анықталып жатыр»,-деп хабарлады Павлодар облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Тергеу мүддесі үшін басқа ақпарат жария етуге жатпайды.