Былтыр Алматы қаласында электросамокаттың қатысуымен болған 386 жол апаты тіркелді.
фото: Sputnik / Виталий Белоусов
ERNUR.KZ. Алматыда электросамокатты пайдалануды реттеу және жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру мәселелеріне арналған жұмыс кеңесі өтті, деп жазады sputnik.kz.
Кеңес отырысында электросамокатты ресми түрде көлік құралы ретінде тануға қатысты заңнамалық өзгерістер жан-жақты талқыланды. Атап айтқанда, 1 шілдеден бастап күшіне енетін жаңа нормалар жалға берілетін электросамокатты пайдалану үшін бірыңғай әрі міндетті талаптарды енгізуді көздейді. Сонымен бірге бизнес субъектілері үшін өтпелі кезең қарастырылған.
"Электросамокаттар бүгінде жол қозғалысының толыққанды қатысушысына айналды. Сондықтан оларға қойылатын талаптар да өзге көлік құралдарына белгіленген ережелер секілді нақты әрі міндетті болуға тиіс", - дейді полиция департаментінің бастығы Айдын Қабдулдинов.
Полиция мәліметіне сәйкес, былтыр Алматы қаласында электросамокаттың қатысуымен 386 жол апаты тіркеліп, 400-ден астам адам зардап шеккен. Самокат мінгендерге қатысты 24 мыңнан астам әкімшілік хаттама толтырылып, 10 мыңнан аса электросамокат арнайы тұрақтарға қойылды.
Кеңесте кикшеринг операторларына қойылатын талаптар да қаралды. Соның ішінде міндетті сақтандыруды енгізу, электросамокатты нөмірлік белгілермен жабдықтау, геозоналау жүйесін қолдану және ішкі істер министрлігінің дерекқорларымен интеграциялау мәселелері бар.
"Мопедтерді реттеу тәжірибесі жүйелі әрі қатаң шаралардың тиімді екенін көрсетті. Мұндай тәсіл жол апаттарын азайтып, тәртіпті күшейтеді. Дәл осы әдіс электросамокатқа да қолданылады. Бұл - азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған маңызды қадам", - деп атап өтті Қабдулдинов.
Айта кетері, кеңес жұмысына полиция, прокуратура, қала әкімдігі мен кикшеринг қызметін көрсететін компаниялардың өкілдері қатысты.


