Елімізде жыл соңына дейін 37 жатақхана пайдалануға беріледі

0
833

Құрылыс жұмыстары Нұр-Сұлтан қаласында, Қызылорда, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Жамбыл және Маңғыстау облыстарында белсенді жүргізіліп жатыр.


Елімізде жыл соңына дейін 37 жатақхана пайдалануға беріледі

ERNUR.KZ. Жыл соңына дейін 37 жаңа студенттер жатақханасы пайдалануға беріледі, деп жазады 24.kz.

ҚР БҒМ баспасөз қызметінің мәліметінше, соңғы үш жылда үшінші әлеуметтік бастама шеңберінде елімізде 85 жаңа жатақхана іске қосылып, 22 мыңнан астам студент қоныстанды.

«Министрлік Елбасының үшінші әлеуметтік бастамасын іске асыру аясында студенттер жатақханаларын салу мен қайта құру қарқынын жеделдетудің жаңа тетіктерін әзірледі. Атап айтқанда, жатақханалар нысаналы құрылыс және жоғары оқу орындарының өз қаражаты есебінен, сондай-ақ мемлекеттік-жекеменшік әріптестік қағидаты бойынша салынады. Яғни, инвесторлар өз қаражатына жатақхана салады, ал министрлік оларға мемлекеттік тапсырысты орналастырып, студенттің әрбір жатын орнын төлейді», – деп атап өтті ҚР БҒМ Қаржы орталығының президенті Асқар Ибраимов.

Мұндай алгоритм студенттік жатақханалар санын едәуір арттыруға және студенттердің өмір сүру жағдайларын жақсартуға мүмкіндік берді. Құрылыс жұмыстары Нұр-Сұлтан қаласында, Қызылорда, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Жамбыл және Маңғыстау облыстарында белсенді жүргізіліп жатқанын айта кеткен жөн.

Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында жеке инвесторларды қосымша ынталандыру үшін мемлекеттік тапсырыс көлемін 47 АЕК-тен 92 АЕК-ке дейін ұлғайту мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Бұл қалаларда жатақханаларға аса қажеттілік байқалады. Сондай-ақ қазіргі уақытта мемлекеттік тапсырысты орналастыру мерзімін 8 жылдан 5 жылға дейін қысқарту жөнінде ұсыныс әзірленді.

Жоғары оқу орындары мүмкіндіктеріне қарай өз қаражаты есебінен жатақхана салады. Кейбір оқу орындары тұрғын үй, жатақханалар мен қонақ үйлерді жалға алу арқылы студенттердің тұрғын үйге деген қажеттілігін төмендетіп жатыр. Бүгінгі таңда 13 жоо 5 мың студенті үшін жатын орындарды жалға алды. Келесі жылы 60-қа жуық студент үйі пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.