Еліміздің бірқатар өңірінде қарғын су үйлерге кірді

0
474

Батыс Қазақстан облысында да қарғын су аудандық маңызы бар екі тасжолды шайып кетті.


Еліміздің бірқатар өңірінде қарғын су үйлерге кірді

ERNUR.KZ. Өткен демалыс күндері еліміздің бірнеше өңірінде күн күрт жылынып, еріген қар суы қауіп төндірді. Қарғын су ақтөбеліктерді әуреге салып жатыр. Темір ауданы, Шұбарқұдық кентінде жиырмадан аса аула мен бес үйге су кірген, деп жазады zakon.kz.

Тасқынға қарсы жұмыстарға Төтенше жағдайлар министрлігінің әскери бөлімінен 50 қызметкер мен 4 техника жұмылдырылды. Олар су келетін бағытқа мыңға жуық құм толтырылған қапшық төседі. Түні бойы жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде судың деңгейі түсе бастаған. Алайда, бүгін түстен кейін жағдай қайта қиындауы мүмкін. Қазір Байғанин ауданындағы үш ауылға қатынас жоқ. Әйтеке би ауданының Талдық ауылына баратын жолды да су шайып кеткен.

Батыс Қазақстан облысында да қарғын су аудандық маңызы бар екі тасжолды шайып кетті. Ақжайық ауданына қарасты Жұбан-Сайқұдық және Жәнібек ауданының Жәнібек-Таловка- Кіші өзен жолдарында көлік қозғалысы шектелді.

Төтенше жағдайлар департаменті мамандарының айтуынша, елді мекендерге қауіп жоқ. Зардап шеккендер тіркелмеген. Айналма жол бар. Жергілікті атқарушы органдар, полиция және төтенше жағдайлар бөлімдерінің күштерімен кезекшілік ұйымдастырылған. Аймақта қатты жауын-шашын болатыны жайлы дауылды ескерту жарияланды.