IT сайыс 26-27 наурыз күндері Astana IT University базасында офлайн форматта өтеді.
ERNUR.KZ. Білім және ғылым министрлігі алғаш рет университеттер мен колледждер студенттері арасында "BILIM Hackathon 2022" IT байқауын өткізеді, деп жазады sputnik.kz.
Бас жүлде иегерлері 1,5 миллион теңге алады. Екінші орынның жүлде қоры – 1 миллион теңге, үшінші орын – 500 мың теңге.
"Жеңімпаздар, яғни студенттер марапаттан бөлек, жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болады", - деп хабарлады білім министрлігінің баспасөз қызметі.
IT сайыс 26-27 наурызда Astana IT University базасында офлайн форматта өтеді. Қазылар алқасының құрамына белгілі IT-компаниялар өкілдері кіреді. Үздік қатысушылар жұмысқа шақыру алады.
"Елімізде түрлі IT жобаларды әзірлейтін дарынды жастар көп. Оларды байқауға қатысуға шақырамыз. Сайысқа университет және колледж студенттері, одан бөлек, басқа да бағдарламашылар қатыса алады. Әр оқу орнынан бір командаға қатысуға рұқсат етіледі. Хакатонға қатысу үшін өтінімдерді monhackathon@gmail.com электронды поштасына жіберуге болады. Өтінімге команда атауын, қатысушылардың аты-жөні мен ұйым атауын көрсету қажет", - деді білім және ғылым вице-министрі Айбат Ілиясов.
Сайысқа қатысатын студенттерге түрлі тапсырма беріледі. Мысалы, еркін тақырыпта да, берілген тақырып бойынша да білім саласындағы цифрлық шешімдер бойынша жоба дайындау.
Айта кетері, байқау білім және ғылым саласында жаңа IT жобаларға бастамашылық ету, сондай-ақ қазіргі және болашақ IT мамандарды ынталандыру мақсатында өткізілмек.