Көрме барысында Қазақстанды этномәдени элементтері бар экотуризм орталығы ретінде таныстыру негізге алынды.
ERNUR.KZ. Қазақстан делегациясы "China International Travel Mart 2018" халықаралық туристік көрмесіне қатысты. Көрмеде 71 елден 527 экспонент орналастырылып, жалпы саны 100 мыңнан аса адам тамашалады, деп жазады BNews.kz.
Қазақстанның аталмыш көрмеге қатысуының стратегиялық маңызы зор. Аспанасты елі бізге көрші болғанымен, статистикаға сүйенсек, қытайлықтар Қазақстанға қарағанда, Моңғолияға жиі саяхаттайды екен (Қытайдан Моңғолияға келетін туристер жалпы санның 52% құрайды). Осы ретте Шанхай көрмесіндегі негізгі лек қытай компаниялары болғандықтан, Қазақстанды саяхаттауға жақсы таңдау екенін жеткізу басты меже. Бұл мақсатта құрамында "Kazakh Tourism" ұлттық компаниясының және бірнеше туристік фирманың өкілдері бар Қазақстан делегациясы жоспарлы түрде дайындық жүргізді. Қазақстан стендінде ұлттық бұйымдармен жабдықталған киіз үй және Алматы облысындағы Айғайқұм бейнесіндегі фотоаймақ орнатылған, меймандарды "Арлан жете" театры әртістері қарсы алды. Таңдалған бағыт та қазіргі уақытта сұранысқа ие бағыттардың бірі – Қазақстанды этномәдени элементтері бар экотуризм орталығы ретінде таныстыру негізге алынды.
"Биыл осымен екінші рет Қытайдағы көрмеге қатысуымыз. Осыған дейін Бейжіңде роуд-шоу өткізіп, Қазақстанға қытайлық миллионер-блогерлерді де шақырдық. Қысқы демалыс пен тау-шаңғы туризмі бағыты бойынша жұмыс істейтін туроператорларға арнайы тур ұйымдастыру да жоспарда бар. Қазақстанға деген қызығушылық тұрақты түрде артуда, сол себепті жоғарыда аталған жұмыс келер жылы өз нәтижесін береді деп күтудеміз", - деді "Kazakh Tourism" ҰК" АҚ төраға орынбасары Қайрат Сәдуақасов.
Көрмеде #Travel2Kazakhstan хештегі бойынша қонақтар арасында байқау өткізіліп, ұлттық тағамдардан дәм таттты. Қазақстанды таптырмас туристік бағыт ретінде таныстыратын видеороликтер көрсетіліп, қытай тілінде ақпарат қағаздары үлестірілді. Бұдан бөлек Abdi Travel, Explore Central Asia, Intertourasia, QTrip, Uni tour, SkyWay Travel, Triumph Travel туристік фирмалары өз топтамаларын ұсынды.