Қазақстанда асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы өседі

0
2 142

Бала санына сәйкес, көрсеткіш те өсетін болады.


Қазақстанда асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы өседі

ERNUR.KZ. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік жәрдемақыны көбейтеді, деп жазады ҚазАқпарат.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова ҚР Әділет министрлігі Заң жобалық қызмет мәселелері бойынша ведомствоаралық комиссия отырысында «Азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша ҚР кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстырды.

«Әлеуметтік әділдік ұстанымын қамтамасыз ету мақсатында асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар көлемін қайта қарау, асыраудағы әрбір теңдей үлес қарастыру ұсынылады», - деді вице-министр.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта мемлекет асырауындағы адамдар көбейген сайын жалпы жәрдемақы көлемінде олардың үлесі азая береді.

«Асыраудағы әрбір адамға бірыңғай сома белгілеу мәселесі қарастырылып жатыр. Қазіргі заңнамада тек индексация қарастырылған. Яғни, бір адамға берілетін қаржы көлемі 0,86 болса, екі адамға ең төменгі күнкөріс деңгейінің 1,25 ғана беріледі. Енді біз бір адамның көрсеткіші 0,86 болса, қаржы көлемін барлығына бірдей осы сомада белгілеуді ұсынамыз. Осылайша, бала санына сәйкес, көрсеткіш те өсе береді», - деді С. Жақыпова.