Қазақстанда грантты төлеу жүйесі қалай өзгереді?

0
1 149

Министрлік әрбір студент үшін ақшаны университеттің есепшотына тікелей аударады.


Қазақстанда грантты төлеу жүйесі қалай өзгереді?

ERNUR.KZ. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Қазақстанда грант алған студенттердің оқу ақысын төлеу туралы айтты, деп жазады Tengrinews.kz.

Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта грант иегері атанған студент өзі оқығысы келетін университетті таңдайды, содан кейін таңдалған университет осы студентті оқыту үшін бюджеттен қаржы алады. Бұл ретте грант ұтып алған студент рәсімге өзі қатыспайды.

"Студент университеттегі оқу ақысын мектепте жеткен жетістіктері үшін мемлекет төлейтінін түсінбейді, керісінше, оны тегін білім деп қабылдайды. Сәйкесінше, "тегін" оқимын дегенмен студенттің университетке талап қоюы қиын, дегенмен әр студент оқыған жылдары мемлекет ЖОО-ға орта есеппен 3,5-4 миллион теңгедей ақша төлейді", - деді Асхат Аймағамбетов.

Оның айтуынша, қазір белгілі бір жиілікпен университеттер студенттердің тізімдерін және төлеуге арналған актілерді министрлікке жібереді. Министрлік әрбір студент үшін ақшаны университеттің есепшотына тікелей аударады.

"Енді Мемлекет басшысы бұл қаржыландыру жүйесін өзгертуді тапсырды. Енді грант ұтып алған студент оқу ақысын өзі төлейтіндей арнайы (ЭСКРОУ сияқты) банк шотына қаражат тікелей аударылады деп болжанады.
Осылайша, студент бұл ақшаны және мемлекет тарапынан тікелей қолдауды көріп, оқу ақысын төлеу тәртібіне өзі тікелей қатысады. Яғни, қазір студент тегін қызмет алушы емес, қызмет көрсетудің тұтынушысы саналады. Сәйкесінше, тапсырыс беруші ретінде оның сапалы білім беруді талап етуге құқығы бар. Әрине, бұл студенттің мемлекеттік қолдау шараларын қабылдауына оң әсер етіп, жауапкершілігін арттырады", - деді министр.

Аймағамбетов миллиондаған қаржының білімге жұмсалғанын көрген оқушының білім алуға да, көрсетілетін қызмет сапасына да жауапкершілігі артады деп есептейді.

"Бұл механизм сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жояды және бюджет қаражатының барынша мақсатты және ашық жұмсалуын қамтамасыз етеді", - деді Білім және ғылым министрлігі басшысы.

Студент бюджет қаражатын басқа мақсатқа жұмсай алмайтыны баса айтылды. Бұл шара жоғары оқу орындарындағы бәсекелестікті арттырады деп күтіледі.