Министр кез келген ауру сияқты, коронавирус инфекциясын жұқтырудың қалыпты және ауыр дәрежесі болуы мүмкін екенін атап өтті.
ERNUR.KZ. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов елімізде коронавирус инфекциясының тіркелуіне байланысты қазақстандықтарға қатты алаңдаудың қажеті жоқтығын мәлім етті, деп жазады ҚазАқпарат.
«Біз бастапқыда бұл жаңа штамм - жаңа коронавирус екенін айтқан едік. Бұл әлемде бұрын ашылған штамдардан өзгеше. Тиісінше, аурудың белгісі де әртүрлі. Сондықтан біз ДДСҰ-дан, инфекция тіркелген елдердің денсаулық сақтау министрліктерінен ақпарат аламыз. Бізде бар мәліметтер осындай сипатқа ие: пациенттердің басым бөлігі симптомсыз, жұмсақ өткеріп, емдеуді қажет етпейді. Қазір коронавирус инфекциясымен бетпе-бет келген көптеген елдің хаттамаларында олар, негізінен, үйінде карантинге жатады. Яғни, жеңіл белгілерімен ауруханаға жатудың қажеті жоқ. Бұл спецификалық тұрғыда емдеудің қажеті жоқтығын білдіреді», - деді Елжан Біртанов ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Министр кез келген ауру сияқты, коронавирус инфекциясын жұқтырудың қалыпты және ауыр дәрежесі болуы мүмкін екенін атап өтті. Бұл негізінен ағзаның иммундық жүйесінің күйіне, созылмалы аурулардың болуына байланысты.
«Сондықтан біз қазақстандықтарға қатты алаңдаудың қажеттігі жоқтығын айтқым келеді. Бұл - респираторлық вирустық инфекция. Ол әртүрлі қалыпта болады. Айталық, тұмау - сәл ауыр түрі. Көбірек су ішіп, маза кетсе қабынуға қарсы препараттар қабылдау керек. Егер жоғары температура, жөтел сияқты ауыр белгілер байқалса, жедел жәрдем шақыру керек», - деді министр.
Еске сала кетсек бұған дейін Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Қазақстанның екі азаматынан коронавирус инфекциясы табылғанын мәлім еткен еді.