Қазақстандықтарға рұқсатсыз жұмыс істегені үшін Грузияға кіруге тыйым салынуы мүмкін

0
113

Грузияда 2026 жылғы 1 наурыздан бастап тиісті рұқсатсыз ақылы жұмыс істеу әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін.


Қазақстандықтарға рұқсатсыз жұмыс істегені үшін Грузияға кіруге тыйым салынуы мүмкін

Фото:depositphotos.com

ERNUR.KZ. Грузияда заңда қарастырылған рұқсатсыз жұмыс істеген қазақстандықтар елден шығарылуы мүмкін. Бұл туралы Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Жанболат Үсенов айтты, деп жазады tengrinews.kz.

Нақты қандай тыйым салынған?

Жанболат Үсеновтің айтуынша, Грузияда 2026 жылғы 1 наурыздан бастап тиісті рұқсатсыз ақылы жұмыс істеу әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін. Бұл елдің аумағында еңбек ету үшін арнайы рұқсат қажет. Әйтпесе, шетелдік азамат Грузия аумағынан шығарылып, оған екі жылдан бес жылға дейінгі мерзімге елге кіруге тыйым салынуы мүмкін.

"Грузияда жұмысқа орналасуды, кәсіпкерлікпен немесе өзге де ақылы қызметпен айналысуды жоспарлап отырған Қазақстан азаматтарына мұндай қызметті бастамас бұрын Грузия заңнамасында қарастырылған жұмыс істеу құқығының бар-жоғына көз жеткізуге кеңес беріледі. Қазақстан СІМ азаматтарды Грузия заңнамасы мен көші-қон ережелерін қатаң сақтауға шақырады", – деді Үсенов.

Бір жылдық визасыз режим сақталады

Қазақстан азаматтары үшін визасыз режим сақталады: олар Грузияда визасыз бұрынғыдай 365 күн, яғни бір жылға дейін бола алады.

Бұған дейін СІМ қазақстандықтардың шетелде визалық, көші-қон, транзиттік және кедендік ережелерді білмеуі немесе сақтамауы салдарынан қиын жағдайға тап болу оқиғалары жиілеп кеткенін хабарлаған болатын.