Қазақстаннан 1200 таксист, жұмысшы және “студент“ депортацияланды

0
173

2200 қабылдаушы тұлға шетелдіктердің келуі туралы полицияға хабарламағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.


Қазақстаннан 1200 таксист, жұмысшы және “студент“ депортацияланды

Фото: polisia.kz

ERNUR.KZ. 11-14 наурыз аралығында елімізде "Мигрант" республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Оның барысында көші-қон заңнамасын бұзудың 10 мыңға жуық дерегі анықталды, деп жазады tengrinews.kz.

"4,5 мың шетелдік азамат елде болу мерзімін бұзған. 2,5 мыңы заңсыз еңбек қызметімен айналысқан. Оның ішінде 60 заңсыз такси жүргізушісі бар. Атап кетсек, бұған дейін жүргізілген арнайы операция кезінде 700-ге жуық заңсыз такси жүргізушісі анықталған болатын. 1240 шетелдік сот шешімімен елден шығарылып, оларға бес жылға Қазақстанға кіруге тыйым салынды. Заңбұзушылардың басым бөлігі жақын шет мемлекеттен келгендер. Бірақ одан бөлек Бангладеш, Египет, Италия, Нигерия және Мадагаскар азаматтары да анықталды. Іздеуде жүрген 20 шетелдік ұсталды", - деді ІІМ көші-қон қызметі комитетінің төрағасы Аслан Аталықов.

2200 қабылдаушы тұлға шетелдіктердің келуі туралы полицияға хабарламағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оларға 12 миллион теңге айыппұл салынды. 500 қазақстандық жұмыс берушіге шетелдіктерді заңсыз жұмысқа тартқаны үшін 33 миллион теңге айыппұл салынды. Олардың ішінде бес тұлға осындай әрекетті бұрын да жасаған. Қазір бұл азаматтар қылмыстық жауапкершілікке тартылып жатыр. Шетелдіктерге жалған құжаттар рәсімдеген Қазақстан азаматтарына қатысты 12 қылмыстық іс қозғалды.

"Мысалы, Астанада бір университет жатақханасында комендант 56 еңбек мигрантына студент ретінде уақытша тұруға рұқсат берген. Алматы облысында нотариустың көмекшісі шетелдіктерді "жоқ" мекенжайларға тіркеу үшін жалған сенімхаттар рәсімдеген. Барлық деректер бойынша соталды тергеу жүргізіліп жатыр", - деді Аслан Аталықов.

ІІМ миграциялық заңнаманы сақтауға және шетелдік қонақтар мен Қазақстан азаматтарын көші-қон мәселелері бойынша заңсыз қызмет көрсететін күмәнді тұлғаларға жүгінбеуге шақырады.

"Шетелдіктердің келуі туралы хабарлама беру, жеке сәйкестендіру нөмірін алу, дакторегистрацияны өту және уақытша тұруға рұқсат рәсімдеу үшін мемлекет төлем алмайды. Заң мен тәртіпті сақтауға шақырамыз", - деді ІІМ көші-қон қызметі комитетінің төрағасы Аслан Аталықов.