"Қазақстанның құрметті азаматы" атағын бар болғаны 100 мың теңгеге сатып алуға болады – Депутат

0
435

Мәжіліс депутаты рәміздерді терең тану мен қадірлеу біз үшін де, келер ұрпақ үшін де аманат екенін атап өтті.


ERNUR.KZ. "Amanat" партиясы фракциясының мүшесі Аманжол Әлтай премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға ұлттық симвология орталығын құру туралы депутаттық сауал жолдап, адамды даңғойлыққа итермелейтін жалған атақ пен марапаттардан құтылу керегін айтты, деп жазады stan.kz.

Мәжіліс депутаты рәміздерді терең тану мен қадірлеу біз үшін де, келер ұрпақ үшін де аманат екенін атап өтті.

“Мемлекеттік рәміздер – тәуелсіз еліміздің бейнесін танытатын символдық мән-мағынаға ие қастерлі ұғым. Бірақ мемлекеттік наградалардың атауын, кейбір элементтерін қайталайтын түсініксіз ұйымдардың мән-мағынасы жоқ орден-медальдары, жалған атақтары жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кеткені шындық", - деді депутат.

Оның айтуынша, мұндай үрдіс ешкімге де абырой әпермесі ақиқат, керісінше адамды даңғойлыққа, жеңіл атаққұмарлыққа итермелейді. Дабыл қақпасқа амал жоқ.

"Тіпті жеке адамдардың тойларында да жалған атақ пен құнсыз сөлкебайларды жыртыс таратқандай үлестіріп жатқанын көргенде көңілің құлазиды. Мысалы, сіз 50 мың теңгеге пысықай ұйымның "Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері" медалін, ал 100 мың теңгеге "Қазақстанның құрметті азаматы" жалған атағына ие боласыз”, – деді ол.

Сонымен қатар ол “ұлт ұстазы” деген атақтың да қадірі кеткенін айтты.

“Сан ғасырлық тарихымызда “ұлт ұстазы” деген сәулелі сөзді қастерлеп халық лайық деп таныған Ахмет Байтұрсынұлына ғана айтатын едік. Қазір “ұлт ұстазы” деген атақты бар болғаны 10 мың теңгеге сатып алуға болады. Академик дегенде көз алдымызға Қаныш Сәтпаев сынды ғұлама-ғалымдар елестеуші еді. Қазір 200 мың теңге беріп қаптаған түсініксіз академиялардың жалған академигі бола саласыз. Бұл құрметтеу емес, қорлау. Қоғамды бүлдіретін үрдіс”, – деп ашуланды ол.

Ол жалған атақ сатып пайда табатын пысықайлардың әрекетіне құқықтық негізде тосқауыл қою керек дейді.

“Екіншіден, рәміздер мәселесінде әлі де ойластыруды, ортақ шешімге келуді қажет ететін түйткілдер бар. Бір ұшы дәл осы атауға байланысты. Геральдика – гербтер мен оларды қолдану дәстүрін ғана зерттейтін арнайы салалық ғылым. Сондықтан бұл жұмыстармен айналысатын мекемені "Геральдикалық зерттеу орталығы" деп емес, "Ұлттық рәмізтану орталығы" деп атаған жөн”, -деп ұсынды депутат.

Аманжол Әлтай рәміздер мәселесін өз елінің тарихымен сабақтастыра қарастыру әлемнің Жапония, Франция сияқты дамыған елдердің тәжірибесінде бар екенін алға тартты. Осыған орай, біздің рәмізтану арнайы ғылым ретінде қалыптасатын уақыт келді дейді ол.

Депутат жоғарыда айтылған ойлардың түйіні ретінде мынадай ұсыныс айтты:

  • мемлекет басшысы Қасым-жомарт Кемелұлының ұлттық құрылтайда айтқан тапсырмасынан нәтиже шығарып, аймақтар мен қалалардың таңбасын әлемдік стандарттар негізінде бірыңғай үлгіге икемдеп, әзірлеу, бекіту тәртібін ретке келтірген жөн.
  • қазіргі Геральдикалық зерттеу орталығының атауын "Ұлттық рәмізтану орталығы" деп өзгерту мәселесі қарастырылсын.
  • рәміздерді ғылыми тұрғыда зерттеп, жүйелеу ісіне рәмізтанушылармен қатар, тарих, археология, этнография саласының мамандары да кеңінен тарту қажет.
  • мемлекеттік рәміздер арқылы қоғамда патриоттық сезімді орнықтыру үшін балабақшадан бастап, мектеп, колледж, ЖОО-да рәмізтану бойынша арнаулы тәрбиелік іс-шаралар жоспарлы түрде жүйелі өтуге тиіс.
  • мемлекеттік рәміздердің элементтерін, мемлекеттік наградалардың және атақтардың атауын қайталайтын әрекеттерге құқықтық тосқауыл қою керек.