"Кекештеніп, кіші дәретін жіберіп қоятын болған": Астанадағы балабақшалардың бірінде тәрбиеші баланы ұрып-соққан (видео)

0
320

Баланың мектепке дейінгі мекемеге барып жүргеніне енді ғана екі апта болған.


Фото: Видеодан скрин

ERNUR.KZ. Астанадағы балабақшалардың бірінде тәрбиеші баланы еденге құлатып, басынан ұрған. Салдарынан бала кекештеніп, кіші дәретін жіберіп қоя беретін болған, деп жазады stan.kz.

Оқиға елордадағы Tilly Willy балабақшасында орын алған. Баланың мектепке дейінгі мекемеге барып жүргеніне енді ғана екі апта болыпты, яғни 28 қаңтар мен 13 ақпан аралығы.

Анасы ұлының денесінен көгерген жерлерді байқап, балабақшаға барып бейнебақылау камерасын қараған. Осылайша ол камерадан тәрбиешінің баласын үнемі сүйреп дәретханаға қарай апаратынын көрген. Ал ол жақтан баланың айқайлаған дауысы мен соққының дыбысы естілген.


Анасының айтуынша, баласы өзін өзі басқара алмайтын болған. Ол үнемі басынан соққы алғандықтан қалпақ кигізетін кезде қорқақтайтын болған. Тіпті кекештеніп, кіші дәретін жіберіп қойып, түнде жылап оянатын күйге түскен.

Зардап шеккен баланың анасы кадрлардан тәрбиешінің балаларға қарамайтынын байқаған. Сондай-ақ теледидардан балаларға арналған мультфильмдер қосып беріп, өзі телефон ақтарып отырады екен.

Ата-анасының шағымынан кейін әйел жұмыстан шығарылған. Алайда баланың психикасын қалпына келтіруге енді кім көмектесетіні белгісіз.

Полиция мәліметінше, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүріп жатыр.

“Қазіргі уақытта кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүріп жатыр. Қорытындысы бойынша заңға сәйкес шаралар қабылданады”, – делінген хабарламада.