Киіктер көшетін жолдарды әкімдіктер жекеменшікке сатып жіберген – депутат

0
930

Ерболат Саурықов киіктердің басты мәселесі неде екеніне тоқталды.


Киіктер көшетін жолдарды әкімдіктер жекеменшікке сатып жіберген – депутат

ERNUR.KZ. Мәжіліс депутаты Ерболат Саурықов киіктерді қалай реттеу керегін айтып, Премьер-министрге депутаттық сауал жолдады, деп жазады baq.kz.

Депутат соңғы 5 жылдың көлемінде ақбөкендерге байланысты салалық министрліктің тарапынан жүйелі жұмыстар жүргізіліп, «Охотзоопром» мекемесі аталған жануарларды қорғауды жақсылап қолға алынғанын атап өтті.

Заңсыз аңшылықпен айналысушы топтардың жұмыстарына балта шабылды. Мүйіз өткізу, етін сату секілді заңсыз тауар айналымдарына тосқауыл қойылды. Заң күшейді. Нәтижесінде киіктің басы қайтадан 2 милионнан асып жығылды. Былтыр мамыр айында киіктердің көбеюіне байланысты «Ауыл» партиясына ұсыныспен келген бір топ шаруалардың жан айқайы ескерілді. Арнайы депутаттық сауал жолданып, соның негізінде киіктер популяциясын реттеу бойынша ұсыныстар берілді, - дейді Саурықов.

Мәжілісменнің айтуына қарағанда, соңғы жылдары диханшылар киіктің көбеюі салдарынан 20 миллиардқа дейін шығынға ұшырап отырғаны көтерілген. Салалық министрлік киіктердің санын 700-800 мыңнан аспауы тиіс екенін айтып отыр.

Ерболат Саурықов киіктердің басты мәселесі неде екеніне тоқталды.

Киіктердің саны бұрындары да көп болды. Бірақ шаруалардың дихан жері тапталмай, бәрі оңды реттелетін. Осыдан шығатын түйіндеме – киіктердің көшетін, қоныс аударатын миграциялық жолдарының бәрі соңғы 30 жылда жергілікті әкімдіктердің қолымен жекеменшікке сатылып кетті. Бүгінде мұндай миграциялық жолдар мүлдем жоқ. Сондай-ақ жолдардың барлығында еліміздің инфраструктурасын жақсарту үшін жаңа темір мен көлік жолдары пайда болды. Олардың барлығы көлік қауіпсіздігі үшін темір торлармен жасақталды, - деп түсіндірді ол.

Халықаралық стандарттарға сәйкес осы жолдарың бәрінде үй және жабайы жануарлар өтетін үлкен тунельдер болуы шарт еді. Салдарынан ақбөкендер өздерінің қоныс аударуға тиіс жерлерін тастап басқа жолдармен жүре бастады. Нәтижесінде бұл диханшылардың басты проблемасына айналды. Депутат осы мәселені реттеу керегін назарға алды.

Ғалымдар мен жауапты министрлік арасындағы ғылыми байланыс толығымен үзілген. Киіктердің көбеюі кезеңінде қандай популяцияның жылдам көбейіп бара жатқанын зерттейтін ғалымдар да, бұған тапсырыс беретін министрліктің мамандары да қалмады. Осыны біріздендіру қажет. Сондай-ақ киіктер буаз болған кезеңдерде көктем мен күз айларында жүздеген шақырымға дейін миграция жасайды. Осы 2023 жылдың күзінен киіктердің санын 230 мың басқа азайту туралы тапсырма берілді. Қазіргі кезеңде киіктердің барлығы буаз. Атылған киіктердің ішінен екі, үш бас лақтар шығып жатыр. Егер дала жануарлары 5 айда төлдейтінін ескерсек, мамыр айында барлығы дерлік төлдеп болады. Сондықтан оларға уақытында төлдеуге мүмкіндік берілсін, - дейді Саурықов.

Депутаттың сөзінше, қазір киіктердің барлығы арық болғандықтан, оларды ет комбинаттарының өзі алмай отыр.

Депутаттар соңғы күндері Ұлытауда болған «Охотзоопром» жауапсыздығынан мекеме инспекторлары мен халық арасында текетірес басталғанын айтты. Саурықов осындай негізгі себептерді ескере отырып, киіктерді буаз кезеңде атуды тоқтатып, мемлекеттік реттеудің жаңа тәсілдерін ұсынуды сұрады.