Кімнің мобильді аударымы тексеріледі? – Салық органы түсіндірді

0
99

Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті редакциямызға мобильді аударымдарды бақылауға қатысты ресми жауап берді.


Кімнің мобильді аударымы тексеріледі? – Салық органы түсіндірді

ERNUR.KZ. Ведомствоның мәліметінше, бұл шара заңсыз кәсіпкерлік қызметті көлеңкеден шығаруға бағытталған, деп жазады baq.kz.

Себебі көптеген кәсіпкер тауарлар мен қызметтер үшін төлемді кәсіпкерлікке арналмаған жеке шоттар арқылы мобильді аударым түрінде қабылдап келген.

Жеке тұлғаларға әсер етпейді

Комитет мәлімдегендей, бұл шара адал салық төлеушілер мен қарапайым азаматтардың күнделікті қаржылық операцияларына әсер етпейді. Азаматтар бұрынғыдай туыстарына, достарына, ата-анасына немесе балаларына ақша аудара береді.

Қандай жағдайда бақылауға алынады?

Мобильді аударымдарды бақылау үшін нақты өлшемшарт белгіленген:

  • егер бір жеке тұлға қатарынан үш ай бойы әр айда 100 немесе одан да көп әртүрлі адамнан ақша алса, ол салық органдарының назарына ілігеді;
  • мұнда бастысы – аударым саны емес, аударым жасаған адамдар саны. Мысалы бір адам ай сайын бірнеше рет ақша жіберсе, ол бір ғана тұлға болып есептеледі.

Ақпарат қайдан түседі?

Егер азамат осы өлшемшарттан асса, оның деректері салық органдарына екінші деңгейлі банктер арқылы жеткізіледі.

Осыдан кейін мемлекеттік кірістер органдары камералдық бақылау жүргізіп, қажет болса, азаматқа бұзушылықтарды жою туралы хабарлама жолдайды.

Азамат не істеуі керек?

  1. Егер азамат дара кәсіпкер ретінде тіркелген болса – тиісті кезең үшін салықтық есептілікті тапсырады.
  2. Егер тіркелмеген болса – жеке кәсіпкер ретінде есепке тұрып, кірістерін 270.00 нысанындағы декларацияда көрсетеді және 10% мөлшерінде жеке табыс салығын төлейді.

Ал егер салық төлеуші хабарламамен келіспесе (мысалы, ақша аударымдары тек туыстарынан немесе достарынан түскен жағдайда), ол түсініктеме беруге құқылы.