Škoda Қазақстанда троллейбус шығаратын зауыт ашу мүмкіндігін қарастырып жатыр

0
558

Чех компаниялары стратегиялық және технологиялық инвесторлар ретінде Қазақстанда троллейбустар мен электробустар өндірісін оқшаулау мүмкіндігін зерделеуде.


Škoda Қазақстанда троллейбус шығаратын зауыт ашу мүмкіндігін қарастырып жатыр

ERNUR.KZ. KAZAKH INVEST пен «Škoda Transportation» және «Elektrotechnika» чех компанияларының өкілдері арасындағы кездесуде Қазақстанда өндірістік қуатын орналастыру перспективалары талқыланды, деп жазады ҚазАқпарат.

Кездесу барысында «Škoda Transportation» өңірлік директоры Роман Соркин мен «Elektrotechnika» бизнесті дамыту жөніндегі директоры Либор Новак чех делегациясының Қазақстанға сапарын ұйымдастыруға көмектескені үшін KAZAKH INVEST-ке алғыс айтып, екіжақты инвестициялық ынтымақтастыққа қызығушылық білдірді.

Өз кезегінде «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Мейіржан Юсупов машина жасау саласындағы инвестициялық жобаларды дамыту Қазақстан экономикасының басым секторларының бірі саналатынын атап өтіп, жобаларды одан әрі қолдауды растады.

Чех компаниялары стратегиялық және технологиялық инвесторлар ретінде Қазақстанда троллейбустар мен электробустар өндірісін оқшаулау мүмкіндігін зерделеуде.

Қазақстан Республикасының Чех Республикасындағы Елшілігі мен KAZAKH INVEST ұйымдастырған сапары аясында Алматы, Нұр-Cұлтан қалаларының әкімдіктерінде және «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-да кездесулер өтті.

Онда чех компаниялары мегаполистерді көлікпен қамтамасыз етудегі және қоғамдық көлікті жаңғыртудағы ынтымақтастық перспективаларын талқылады.

«Škoda Transportation» компаниясы - метро, трамвай, троллейбус, теміржол вагондары, электр пойызы және электр автобустары сияқты көлік түрлерінің жетекші еуропалық өндірушілерінің бірі.

«Elektrotechnika» компаниясы - метро мен теміржол көлігіне арналған трамвай және троллейбус желілеріне арналған әртүрлі типтегі тартқыш жүйелердің ірі өндірушісі.