Медицина қызметкерлерінің жалақысы тағы да өседі.
ERNUR.KZ. Бұл туралы «ANTIKOR ORTALYGY» алаңында өткен брифинг барысында Нұр-Сұлтан қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова мәлімдеді, деп жазады inbusiness.kz.
«Бүгінгі таңда коронавирус инфекциясымен күреске жұмылдырылған аурухана дәрігерлері мен медицина қызметкерлеріне үстемақы толық төленді. Ал амбулаторлық поликлинакаларға ақша аударылуда. Үстемақы төлеу бойынша бізде қарыз жоқ», – деген басқарма басшысы үстемақы тағайындау медициналық мекеме деңгейінде шешілетінін атап өтті.
«Егер қызметкер жұқпалы аурулар бөлімінде жұмыс істесе бірден қатерлі топ анықталып, бұйрық шығарылады. Барлық үстемақы сол мекеме аясында тағайындалады. Ал оның дұрыс тағайындалуын бақылау үшін, түрлі талқыға түскен тақырыптарды шешу үшін Нұр-Сұлтан әкімдігінің жанында арнайы комиссия құрылған. Оған шаһар әкімінің орынбасары Бахтияр Мәкен жетекшілік етеді», – деді Сәуле Қисықова.
Сонымен қатар ол жылдан-жылға медицина қызметкерлерінің жалақысы көтерілетінін айтты. Мәселен «ақ халаттылардың» айлығы жыл басында 30%-ға өскен. Сәуле Қисықованың айтуынша жыл соңына дейін олардың еңбекақылары тағы көбейеді.