Су басқан үйлердің тұрғындары қауіпсіз жерге көшірілді.
фото: кадрдан
ERNUR.KZ. Бүгін, 21 сәуірде Құлсары қаласында Құрсай өзеніне келген су арнасынан шығып, үйлерге суға кету қаупі төнді, деп жазады Azattyq Rýhy.
Өзек суы бөгетті жарып, жетінші ауыл, І.Сариев көшесіндегі үш үйді басып қалған. Үйін су басқан тұрғындар ағайындарын сағалап кетті.
«Құрсайдың суы таңда күшейіп, іргетастан баспанаға кірген. Енді қалған үйлерге қауіп төнбес үшін ол жерде ТЖД қызметкерлері жұмыс жасап жатыр, суды басқа жерге айдау үшін жұмыстанып, қосымша бөгет салып жатыр. Техника мен адам күші жетеді», - деді қала әкімі Ернар Ысмағұлов.
Осы оқиғаға қатысты пікір білдірген Атырау облысы ТЖД мәліметінше, бүгін түнде, яғни 21 сәуір күні сағат 05.57-де Жылыой ауданы Құлсары қаласының 7-ауылында Жем өзеніндегі су деңгейінің көтерілуіне байланысты 3 ауланы су басқан.
«Эвакуацияланған тұрғындар 3 үйден 10 адам (оның ішінде 4 бала) туыстарына орналастырылды. Ең қауіпті учаскедегі 7-ауылдың тұрғын үйлерін қорғау үшін топырақ үйіндісін салу және құм салынған қаптарды төсеу бойынша жұмыстар жүргізіләп жатыр», - деді ТЖД өкілдері.
Қазіргі уақытта су тасқыны салдарын жоюға Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаменті (25 қызметкер және 3 бірлік техника), жергілікті атқарушы орган (30 қызметкер және 1 бірлік техника), аудандық полиция бөлімі (20 қызметкер және 6 бірлік техника), «Казкомсервис» ЖШС (9 қызметкер және 9 бірлік техника), «Жылыой-Су» ЖШС(3 қызметкер және 3 бірлік техника), «Жылыой-Газ» ЖШС (3 қызметкер және 3 бірлік техника), «Жылыой-Мұнай-Газ» ЖШС (2 қызметкер және 2 бірлік техника) жұмылдырылған.