Күнбағыс майының 1 литрі 732 теңге болды

0
1 154

​Май бағасы бір жылда 44,3%-ға қымбаттаған.


Күнбағыс майының 1 литрі 732 теңге болды

ERNUR.KZ. Бір жылда күнбағыс майы 1,5 есе қымбаттаған, деп жазады inbusiness.kz.

2021 жылдың бірінші тоқсанында елімізде 50,9 мың тонна тазартылмаған күнбағыс майы өндірілген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 14,9%-ға артық. Тазартылған май өндірісі бір жылда 54,4%-ға немесе 45,2 мың тоннаға дейін артқан. Тазартылмаған күнбағыс майы негізінен Шығыс Қазақстан, Қостанай және Ақтөбе облыстарында шығарылады.

Ал тазартылған майды өндіруде Алматы, Шымкент қалалары мен Шығыс Қазақстан облысы көш басында. Саладағы ірі өндірушілер – «Май» АҚ, «Өскемен май зауыты» ЖШС, «Евразиан Фудс Корпорейшн» АҚ, «ЭФКО Алматы» ЖШС, «Масло-Дел» ЖШС және тағы басқалары. Қазақстан даму банкінің мәліметінше, биыл Шығыс Қазақстан облысында күнбағыс майы мен жоғары протеин түйіршікті шрот өндіретін «Qazaq-Astyq Group» ЖШС жаңа май зауыты ашылады деп жоспарланып отыр.

Салынып жатқан май зауытының 90%-дан аса өнімі сыртқы нарықта сатылады. Оның құрылысы 2019 жылдың наурызында басталған. Зауыт тәулігіне 1000 тонна шикізатты (күнбағыс тұқымын) өңдей алады. Осы жылдың қаңтарында жергілікті компаниялар күнбағыс майына сұранысты (ішкі нарықта өткізу плюс экспорт) 80,7%-ға қамтамасыз еткен. Өткен жылғы көрсеткіш – 79,1%. Импорт үлесінің 20,9%-дан 19,3%-ға дейін қысқаруына қарамастан, Қазақстанға 8,1 мың тонна май жеткізілген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 35,6%-ға артық. Ішкі нарықта 31,9 мың тонна өнім сатылған.

Бұл өткен жылмен салыстырғанда 73,2%-ға артық. Сонымен қатар ішкі нарықта күнбағыс майының қымбаттап жатқанын байқауға болады. Наурызда еліміздегі базарлар мен дүкендерде майдың 1 литрі 637 теңгеге сатылған. Бұл өткен аймен салыстырғанда 1,9%-ға, бір жыл бұрынғы бағаға қарағанда 44,3%-ға қымбат.

Ең қымбат күнбағыс майы Атырауда, оның 1 литрі – 732 теңге. Сондай-ақ Алматы (1 литрі – 671 теңге) мен Өскеменде (1 литрі – 653 теңге) де күнбағыс майы қымбатқа сатылып жатыр Ең арзан күнбағыс майы Петропавлда: 1 литрі – 562 теңге.