Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшісі Ерлан Ыдырысов жоспарланып отырған келіссөздер оң нәтиже беруі тиіс деген пікірде.
Ұлыбритания Қазақстан азаматтары үшін визалық тәртібін өзгертуі мүмкін, деп хабарлайды ERNUR.KZ. Хабар-24 арнасына сілтеме жасап.
Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшісі Ерлан Ыдырысов жоспарланып отырған келіссөздер оң нәтиже беруі тиіс деген пікірде. Себебі елімізге арнайы жұмыс сапарымен келген Ұлыбританиялық меймандар осы мәселеге қарсы емес екендіктерін білдірді. Алайда бұл мәселе жан-жақты талқылануы тиіс. Биыл еліміз бен Біріккен Корольдік арасындағы ынтымақтастыққа 26 жыл.
Осы уақыт аралығында саяси, экономикалық, құқықтық және білім беру сияқты салаларда тығыз қарым-қатынас орнаған.
2005-2017 жылдар аралығында британдық компаниялар Қазақстанға 13 млрд АҚШ долларына дейін инвестиция құйды. Келешекте ауыл шаруашылығы мен цифрлық экономика саласына да қаржы тарту көзделіп отыр.
Екі ел арасындағы сауда-саттық көлемі 2017 жылы 400 млн АҚШ долларынан асқан. Ерлан Ыдырысов, ҚР Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігіндегі төтенше және өкілетті елшісі:
- Еуропа өз аумағын қорғау үшін визалық режимді сақтап отыр. Ол баршаға мәлім. Ұлыбританиямен осы мәселеге байланысты келіссөздер жүргізуді жоспарлап жүрміз. Олар біздің ел туристер үшін ашық екенін мойындайды. Мәселен, ұлыбританиялықтар елімізде 30 күнге дейін визасыз жүруге құқылы. Олар да біздің азаматтарымыз үшін осындай мүмкіндік жасаса дейміз. Бұл үлкен жұмысты талап етеді. Дегенмен келіссөздер оң нәтиже береді деп ойлаймын.