Ресейдің Ижевск қаласындағы мектепте ер адам қарудан оқ жаудырды.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ижевск қаласындағы мектепке жасалған шабуыл салдарынан адамдардың қаза табуына байланысты Владимир Путинге көңіл айтты, деп хабарлайды ERNUR.KZ Ақордаға сілтеме жасап.
«Ресей Федерациясының Ижевск қаласындағы №88 мектепке жасалған қарулы шабуыл салдарынан азаматтардың, соның ішінде балалардың қаза табуы туралы қайғылы хабарды ауыр күйзеліспен қабылдадым. Орны толмас қайғыға ортақтаса отырып, Сізге және қайтыс болғандардың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтамын. Сондай-ақ барлық зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдіремін», – деп жазылған жеделхатта.
Еске салайық, бүгін Ресейдің Ижевск қаласындағы мектепте ер адам қарудан оқ жаудырды. Кейін қаскөй өз-өзіне қол салған.
Соңғы мәліметке сәйкес, оқиға салдарынан қаза тапқандар саны 13 адамға жетті. Олардың арасында 7 бала бар. 21 адам жарақат алды, оның 14-і – балалар.