Министр ЖОО ректорларын тағайындау тәртібі неге өзгергенін айтты

0
1 287

Бұл туралы білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Facebook желісіндегі парақшасында жазды.


Министр ЖОО ректорларын тағайындау тәртібі неге өзгергенін айтты

Қазақстанда ЖОО-ның ректорларын тағайындау тәртібі өзгерді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

"Мемлекет басшысының Жарлығымен ұлттық ЖОО-ның ректорларын тағайындау тәртібі өзгерді. Меніңше, бұл маңызды шешім. 2008 жылдан бастап ұлттық жоғары оқу орындарының ректорлары ҚР Президенті тағайындалып келді. Бұл шешім сол кездегі ірі жоғары оқу орындарына басқару және академиялық дербестік беру қажеттілігінен туындаған болатын. "Назарбаев Университеті" ДББҰ жұмысының мысалында ұлттық университеттердің жұмысына Білім және ғылым министрлігі тікелей араласпауды көздеді", - деп жазды министр.

Аймағамбетовтың айтуынша, мұндай саясат өз нәтижесін берді.

"Дегенмен бәсекенің жоқтығы және "Президент тағайындауы" мәртебесі оқу орнының дамуына оң ықпалын тигізбейді. Сонымен қатар, өткен жылы Академиялық және басқару дербестігі туралы заңның қабылдануына байланысты барлық жоғары оқу орындары қосымша өкілеттіктер мен еркіндіккке қол жеткізді. Сол себепті Мемлекет басшысы 2019 жылдан бастап ұлттық жоғары оқу орындарының ректорларын конкурстық негізде тағайындау туралы шешім қабылдады", - дейді Аймағамбетов.

"Ректорларды конкурстық негізде тағайындау нәтижесінде қандай артықшылықтарға қол жеткіземіз?

Біріншіден, ашық конкурс. Бұл кезеңде ректор лауазымы кандидатурасы талаптарына сәйкес келетін кез келген адам конкурсқа қатысуға өтініш бере алады.

Екіншіден, айқындылық. Барлық кандидаттар тиісті ЖОО-ның Бақылау кеңесінде әңгімелесуден өтеді.

Үшіншіден, бағдарламалар сайысы мен бәсекелестік. Бұдан әрі, Білім және ғылым министрінің төрағалығымен республикалық комиссия үміткерлері ұсынып отырған "Жоғары оқу орындарын дамыту бағдарламалары" жобаларын қарастырады.

Төртіншіден, қоғам алдындағы жауапкершілік.

Мемлекет басшысының тапсырмасы сөзсіз жүзеге асырылатын болады. Өз тарапымыздан, өткізілетін конкурстардың айқындылығы мен адалдығын қамтамасыз ету үшін бар күшімізді саламыз", - деп жазды білім және ғылым министрі.