Министрлік күнбағыс майы неге қымбаттағанын түсіндірді

0
2 741

Күнбағыс майы барлық өңірде қымбаттаған.


Министрлік күнбағыс майы неге қымбаттағанын түсіндірді

ERNUR.KZ. Қазақстандықтар күнбағыс майының қымбаттағанын, кейбір қалада тіпті 1000 теңгеге жеткенін айтып шағымданды. Сауда және интеграция министрлігі бағаның өскенін растады, ведомство өкілі мұның себебін түсіндірді, деп жазады Tengrinews.kz.

Қазақстандықтар әлеуметтік желілерде сұйық май қымбат екеніне шағымданып жатыр.

"Қазақстанда күнбағыс майының бағасы көтерілді. Кей өңірде литріне 1000 теңгеден аса сұрайды. Сатушылар әр апта сайын баға өсетінін айтады. Жеткізушілер наурызда ең қажет өнімдер құны өсуі мүмкін дейді. Неге олай?" - деп жазды қазақстандық.

Қазақстанның Сауда және интеграция министрлігі ресми сауалымызға жауапта күнбағыс майының бағасы қымбаттағанын растады.

"Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2020 жылы күнбағыс майы 36,8 пайызға қымбаттаған. Жыл басынан бері 16 ақпандағы жағдай бойынша, күнбағыс майының бағасы 5,5 пайызға өсті. Негізгі себеп - былтыр әлемдік бағаның 53,8 пайызға өсуі", - делінген министрлік хабарламасында.

Күнбағыс майы барлық өңірде қымбаттаған.

"Бағасы ең көп өскен Шымкент - 17,4 пайызға (620 теңге), Талдықорғанда - 9,9 пайызға (620 теңге), Атырауда - 9,2 пайызға (700 теңге), Ақтөбеде - 8,8 пайызға (605 теңге) және Таразда - 8 пайызға (567 теңге)", - деп толықтырды министрлік өкілі.