Оралда дәрігерлер 7 жыл бойы емтихансыз аттестациядан өтіп келген

0
76

Сот материалдарына сәйкес, сертификат алу, біліктілік санатын иелену немесе өз біліктілігін растауды көздеген медицина қызметкерлері делдалдардың көмегіне жүгінген.


Оралда дәрігерлер 7 жыл бойы емтихансыз аттестациядан өтіп келген

Фото: Stan.kz
ERNUR.KZ. Оралда өңірлік сарапшы топ құрып, жеті жыл бойы медицина қызметкерлерінің орнына тест тапсырып, аттестациядан өткізіп келген. Олар осылайша 4 миллион теңге қаражат тапқан, деп жазады Stan.kz.

Сот материалдарына сәйкес, сертификат алу, біліктілік санатын иелену немесе өз біліктілігін растауды көздеген медицина қызметкерлері делдалдардың көмегіне жүгінген.

Ақшаға ұйымдастырушылар AnyDesk және Radmin бағдарламалары арқылы емтихан өтетін компьютерлерге қашықтан қосылып, тест сұрақтарына үміткерлердің орнына жауап берген.

Тергеу мәліметінше, бұл схеманы ұйымдастырған – "Тәуелсіз емтихан алудың ұлттық орталығы" РҚБ-ның Батыс Қазақстан облысы бойынша өңірлік сарапшысы.

Ол топтың жұмысын үйлестіріп, ақшаны бөліп, клиенттер базасын жүргізген.

“Оның әріптесі қызметті пайдаланғысы келетіндерді іздеп, төлем жинаумен айналысса, техникалық бөлігін екі IT-маман қамтамасыз еткен. Тергеу нұсқасы бойынша, заңсыз схема жеті жыл бойы жұмыс істеген. Осы уақыт ішінде оған қатысушылар шамамен 4 миллион теңге табыс тапқан. Алайда келтірілген шығын бұдан әлдеқайда көп болған. Жұмыс берушілер мен бюджет заңсыз жолмен біліктілік алған медицина қызметкерлеріне жалпы сомасы 16,5 миллион теңге көлемінде үстемақы төлеген”, – делінген хабарламада.


Іс бойынша айыпталған төрт адамның барлығы кінәсін мойындап, істі қысқартылған тәртіппен қарауды сұраған.

“Сот олардың әрқайсысына бір жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Сонымен қатар, схеманы ұйымдастырды деп танылған азаматқа бір жыл бойы денсаулық сақтау саласы мамандарының біліктілігін бағалауға қатысты қызметпен айналысуға тыйым салынды”, – делінген хабарламада.

Алайда сотталғандар негізгі жазаны іс жүзінде өтемейді. Себебі Қазақстан Конституциясының 30 жылдығына орай жарияланған рақымшылыққа байланысты олардың барлығы бас бостандығын шектеу жазасынан босатылған. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ және оған шағым жасауға болады.