Бір гектар қылқан жапырақты орман 40 тонна, ал жапырақты орман 100 тонна шаңды ұстап қалады.
Жер ғаламшарын «атмосфера» деп аталатын ауа қабығы қоршап тұр. Олжердің ең сыртқы қабығы. Атмосфераның Жер экожүйесіндегі қызметі –адамзат, жануарлар мен өсімдіктер дүниесін тіршілікке қажетті газ элементтерімен қамтамасыз ету. Олардың ішінде негізі орынды азот пен оттегі алады. Құрғақ ауа көлемінің 78 %-ын азот, 21 %-ын оттегі және 1%-ын басқа газдар қосындысы құрайды. Басқа газдардың ішіндегі ең маңыздысы — көміркышқыл газы. Ауаның құрамына газдардан бөлек су буы мен түрлі шаң-тозаң кіреді. Атмосфераның төменгі шекарасы айқын, ол – жер немесе су беті. Биіктік артқан сайын ауа азая береді де, ақыр сонында бірте-бірте ғаламдық кеңістікке ұласып кетеді. Сондықтан атмосфераның жоғарғы шекарасын нақты айту қиын.
Біріккен Ұлттар Ұйымына қарасты Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының сарапшылары ормандардың экономикалық дамудағы алуан түрлі рөлін атап өтеді. Мәселен, орман ағаштары биологиялық әр алуан түрліліктің көзі болып табылады, суды сақтай алады, топырақты тұрақтандырады, көміртегінің үлкен мөлшерін сіңіріп оттегі шығарады, елді мекендердің тұрақты экономикалық дамуына септігін тигізеді. Тиісінше мұның барлығы адам өмірінің сапасына әсер етеді. Ересек адам минутына шамамен 7 литр ауа жұтады деп саналады. Яғни сіз күн сайын 10 мың литрден астам ауа жұтасыз.
Шуақты күндері бір гектар орман алқабы ауадан 120-280 келі көмірқышқыл газын сіңіріп, 180-200 келі оттегі шығарады. Ал бір ағаш орташа есеппен адамның тыныс алуына қажетті оттегінің 14 %-ын бөледі. Бір гектар қылқан жапырақты орман 40 тонна, ал жапырақты орман 100 тонна шаңды ұстап қалады.
Ағаштар көмірқышқыл газын және судан глюкоза алу үшін күн сәулесінің энергиясын пайдаланған кезде оттегін шығарады. Басқа да өсімдіктер сияқты метаболизмді күшейту процесінде энергияны босату үшін глюкозаны қайтадан ыдыратады. Орташа есеппен ағаштар 24 сағат ішінде пайдаланғанынан да көп оттегі шығарады, әйтпесе өсе алмайды. Үлкен ағаш шығаратын таза O2 мөлшерін есептеп, мысал үшін биіктігі 40 метрдей шынарды алайық. Мұндай ағаш тәулігіне 90 литрге дейін оттегін шығарады, яғни адамның күнделікті қажеттілігінің 14 пайызы. Демек, адамды толықтай таза оттегімен қамтамасыз ету үшін кем дегенде 7 үлкен ағаш қажет.
Тез өсетін теректің бір гектарынан бір гектар қылқан жапырақты алқапқа қарағанда 40 есе көп оттегі шығады. Үлкен бір теректен бір тәулікте бөлінетін оттегі 3 адамның тыныс алуына жетеді. Демек, 1 терек 7 шыршасияқты оттегін шығарады. Кең және жабысқақ жапырақтары арқылы шаңнан да жақсы сақтайды.
Егер 35-40 жыл артқа қайтар болсақ, көз алдына арық бойында тізіліп тұрған ағаштар келеді. Сол ағаштар негізінен терек, тал және тұт ағаштары болатын. Терек ағаштары тез өсіп жетілетіндіктен құрылыста кеңінен қолданылса, тал ағаштары жұмсақ болғандықтан әртүрлі бұйым жасауда кеңінен пайдаланылған. Ал тұт ағашының жапырақтары жібек құртын өсіруде жалғыз қоректік зат ретінде қолданылып, қалдықтары отын ретінде пайдаланылған. Өмір сүру деңгейіміз көтеріліп, елді мекендер газ, сумен қамтамасыз етіліп, құрылыс үшін заманауи жабдықтар пайда болғаннан кейін терек, тал сияқты ағаштарға сұраныс азайып, біз айтып отырған ағаштар егілмей қалды. Керісінше сән үшін егілген қылқан жапырақты ағаштар көбейіп кетті.
Бүгінгі жаһандану кезеңінде бүкіл әлемде болып жатқан климаттың өзгеруі барлығымызды ойландырады. Үлкен қалалардағы атмосфераның ластануынан талай адам жапа шегіп жатқанын да естіп-біліп отырмыз. Жақында Ташкент қаласында халықаралық жиналыс өтіп, Өзбекстан ғалымдары атмосфералық ауада оттегінің пайыздық көрсеткіші төмендеп кеткенін айтты. Соның салдарынан адамдар қала ішетіне шығып кеткенді жөн көреді екен. Сондықтан біз Түркістан қаласының келешегін бүгіннен бастап ойлағанымыз жөн.
Түркістан өңірі «Арал-Сырдария» апат аймағының кері әсері тиіп жатқан шұғыл континентальды климат жағдайына жатады. Соңғы 50 жыл көлеміндегі орташа жылдық температура +10С-қа жоғарыласа, жылдық жауын-шашын мөлшері 28 мм-ге төмендеген. Орташа есеппен жылдың 225 күнінде құрғақшылық болады. Наурыз айынан бастап қараша айының ортасына дейін түскен жауын-шашынның мөлшерінен булану мөлшері артып, жердің жоғарғы қабаты түгелдей құрғаған. Шаң-тозаңды жел бірнеше айға созылады. Жазда ауа температурасы +40-500С-қа жетіп, құрғақ әрі ыстық жел – «керімсал», қыста суық жел – «қара суық» соғып, мұның барлығы келушілерге ғана емес, жергілікті тұрғындарға да қолайсыздық тудыруда.
Дүниежүзілік жабайы табиғатты қорғау қоры 40 жылдан кейін Жер планетасының биоресурстары толығымен таусылады деп есептейді. Оның ішінде әлемдегі орманды алқаптардың жағдайы өте нашар. Ормандар ондаған жыл бойы өссе, бірнеше күн ішінде жойылып кетеді. Сондықтан бүгінгі таңда ормандар планетадағы ең маңызды көміртегі қоймасы болып табылады. Дегенмен, олардың кесілуі және жиі орын алатын өрттер атмосфераға көмірқышқыл газының көп мөлшерде шығуына себеп болып жатыр. Бұл климаттың өзгеру процестерін және Жердегі орташа жылдық температураның жоғарылауын тудырады. Қазақстан аз орманды елдерді қатарына кіреді. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің деректеріне сәйкес, республиканың ормандылығы ел аумағының 4,8 %-ын, жалпы ауданы 13,6 млн гектарды құрайды. Осыған байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында ел аумағын көгалдандыру мақсатында 5 жыл ішінде орман қорына 2 млрд. түп және елді мекендерге 15 млн түп ағаш отырғызуды тапсырған болатын. Құрғақшылық жағдайда халықтың өмір сүру сапасын жақсарту, қоршаған ортаны сауықтыру және климатты жақсарту ұзақмерзімді тұрақты орман екпелерін құрумен тығыз байланысты. Яғни ҚР Үкіметі мен Президенті орман өсірушілердің алдына жасанды орман өсіру және орманды ұлғайту жөнінде ауқымды жұмыстар жүргізу міндетін жіктегені кездейсоқ емес. Алайда, Түркістан обылысындағы күрт континенттік климат пен ағаш өсіруге қолайсыз топырақ қабаты бұл міндетті күрделендіре түседі.
Ормандар климатты реттеуде маңызды рөл атқарады, жауын-шашынның таралуын реттейді, жел эрозиясына жол бермейді. Табиғи және жасанды ормандар биосфераның маңызды компоненттері, табиғаттағы биологиялық тепе-теңдіктің қуатты реттегіштері болып табылады, табиғи кешендер мен экологиялық жағдайларды құруда маңызды рөл атқарады. Дала жағдайындағы орман екпелері дефляция ошақтарын бұғаттауды қамтамасыз етеді, ландшафтты өзгертеді, дефляцияға қарсы тұрақты әрекет ететін элемент ретінде қызмет етеді, ұзақ уақыт бойы іргелес егістіктердегі дақылдардың өнімділігін арттыруға ықпал етеді және оларды таяз жерлерден қорғайды.
Қоршаған ортаны ластанудан, топырақты жел эрозиясынан сақтау және экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында Президент тапсырмасына сәйкес, облыс әкімінің бастамасыменен 2019 жылы Түркістан қаласының айналасына «Жасыл белдеу» құру жұмыстары басталды. Сол кезде қала айналасындағы «Жасыл белдеудің» аумағын 30 000 гектарға жеткізу жоспарланса, бүгінге дейін 29 544 гектар жер мемлекеттік орман қоры санатына ауыстырылып, 18071 гектар жерге түрлі ағаштар отырғызылды. Оның 8337 гектарына жапырақты ағаш көшеттері, ал 9734 гектарына сексеуіл екпелеріотырғызылған. 2025 жылдың күз мезгілінде 900 гектар жерге сексеуіл тұқымын себу жоспарланып отыр. Мәдени орман екепелерін сумен қамтамасыз ету үшін 240-тан астам ұңғымалар қазылды. Жасыл белдеуді қоршау жұмыстары 434 500 метрге жетті. Суды үнемдеу мақсатында әуежай жолының бойындағы 252 гектар орман алқабына толықтай тамшылатып суару жүйесі орнатылды. Қалған орман екпелерінде отырғызылған ағаш көшеттерінің 63 %-ы ұңғымалар, 25 %-ы каналдар, 12 %-ы сутартқыш арқылы суарылуда. Ағаш отырғызылған жерлердегі топырақ құрамындағы қарашіріктің көлемі 0,7-0,8 %-ды құрайды, яғни топырақтың құнарлылығы өте төмен. Осыған байланысты топырақ құрамын байыту үшін минералды және органикалық тыңайтқыштар қолданылып келеді.
2025 жылдың жаз мезгілінде күннің ыстығына шыдас бермей қураған, өсімін тоқтатқан мәдени екпе ағаштардарды қайта толықтыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда жасыл белдеуге отырғызылған көшеттердің 60-65 %-ы көгерген. Жоспарланған жұмыстарды сапалы әрі толықтай орындау үшін 600-ге жуық қызметшісі бар «Жасыл аймақ» КММ құрылып, 70 дана арнайы техникамен қамтамасыз етілген. Бүгінде мекемеге қарасты 120 гектар орман тұқымбағы бар. Оның 58 гектары тұрақты пайдаланылуда. Қазіргі таңда тұқымбақта 21 түрлі ағаш-бұта көшеттері өсіріліп жатыр. Заманауи тұқымбақта көлемі 576 шаршы метрді құрайтын жылыжай бар. Мұны салудағы мақсат – сирек кездесетін сәндік қылқан және жапырақты ағаштарды өсіру. Сондықтан Түркістан қаласының айналасынан құрылып жатқан жасыл белдеу шаһардың өкпесі деп айтуға болады.
Бүкіл әлемде климаттың өзгеруі орын алып жатқандықтан біз де күрделі мәселелермен бетпе-бет келіп отырмыз. Әсіресе, құрғақшылық белең алып келеді. Сондықтан осы проблеманы шешуді мақсат етіп, орман алқабының ұлғаюына барынша күш салуымыз қажет.
Оның үстіне әлемде «оттегі базары» пайда болуда. Жақын жылдар ішінде ауылшаруашылығы өнімдерінің құнынан гөрі оттегінің нарқы қымбат болып кетуі әбден мүмкін. Оттегіні негізінен орман ағаштары шығаратын болғандықтан, осы мәселені еліміздің өсіп-өнуімен тікелей байланыстырғанымыз дұрыс шығар. Әрине, мен кейбір жандарға түсініксіз мәліметтер жариялап отырған болармын, бірақ бұл келешектегі өмір талабы. Сол себепті ағаш егу мәселесіне жоғары жауапкершілікпен қарағанымыз жөн. Отырғызылған ағаш көшеттерінің түгел өнуіне ықпал жасап, жаңа техникалар мен технологияларды пайдалана отырып жасыл желек көлемін ұлғайтуға шақырамын.
Битөре Жұмақанов, «Жасыл аймақ» КММ директорының орынбасары.
Ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаты, PhD докторы,
Қазақстан Республикасында вермитехнологияның негізін қалаушылардың бірі.