Өрт сөндірушілер жалған айыптаудан соң қызметін атқарудан жасқаншақтап қалды - Екішев

0
1 227

"Мұндай жағдайдан кейін тіпті өртеніп жатқан үйге кіріп, жалынды сөндіруге ниетіңді құртып жіберетіндей жағдай болды. Әлеуметтік желілерде тараған сөздің кеселінен үй иесі жоқ пәтерге кірсек, сол адам жоқ ақша туралы айтып айыптағысы келеді".


Өрт сөндірушілер жалған айыптаудан соң қызметін атқарудан жасқаншақтап қалды - Екішев

Астана қалалық ТЖД-ның Өрт сөндіру қызметі бастығының орынбасары Руслан Екішев елорда тұрғыны Асхат Сұлтановтың дәлелсіз айыптауы өрт сөндірушілердің өміріне қалай әсер еткенін айтып берді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА.

Еске сала кетейік, Асхат Сұлтанов есімді пайдаланушы Фейсбукте Астанадағы пәтерінде өрт болғаны туралы хабарлаған еді. Ол кезде пәтерде ешкім болмаған. Тұрғынның айтуынша, үйінде әйелінің машинасын сатқан ақша және тағы бір дүкен ашу үшін жинаған ақша - 15 миллион теңге және 8 мың доллар болған. Асхат Сұлтанов ақшаның жоғалуына өрт сөндірушілерді айыптаған болатын. Бұдан кейін Астанада өртенген пәтерден қомақты ақшаның қалай жоғалғаны анықталды. Аталмыш пәтерден ірі көлемде ақша ұрлап, іздерін жасыру үшін оны өртеп кеткен күдіктілер ұсталды. Бүгін Асхат Сұлтанов Елордадағы №16 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің ғимаратында өрт сөндірушілерден келіп кешірім сұрады. Ал Өрт сөндіру қызметі бастығының орынбасары Руслан Екішев дәлелсіз айыптаудың салдары оңайға соқпағанын айтып берді. «Сіз әлеуметтік желіде жазба жазып, өрт сөндірушілерді айыптадыңыз. Бұл жағдай қоғамда біршама резонанс тудырды. Әлеуметтік желілерде бізге қаншама кір жағылып, «миллиондар ұрланды» деген сыңайдағы жасалмаған ұрлықты бізге таңа бастады. Ең қиыны, сол оқиғада өрт сөндірген жігіттердің үйлерін ертеңгі күні тінте бастады. Тінтудің қатаң жүргізілгені соншалық, барлық көрші-қолаңның алдында өрт сөндірушілеріміз ұры секілді көрініп қалды. Кейбір жігіттер өздерінің туыстарының үйінде тұрып жатқан. Оларды үйінен шығарып жіберді. Өзіңіз айтқандай, тергеушілер ордерді көрсетіп, үйді тінтіп, үйді бастан-аяқ төңкере тексерген», - деді Руслан Екішев. Оның айтуынша, өрт сөндірген бір жігіттің әйелінің аяғы ауыр болған. «Оған қаншалықты ауыр болды. Мұндай жағдайдан кейін тіпті өртеніп жатқан үйге кіріп, жалынды сөндіруге ниетіңді құртып жіберетіндей жағдай болды. Әлеуметтік желілерде тараған сөздің кеселінен үй иесі жоқ пәтерге кірсек, сол адам жоқ ақша туралы айтып айыптағысы келеді. Осыдан кейін-ақ бәрі де бізден осындай затты ұрлап кетті деп жаза бастады. Шынымызды айтсақ, әрбір өрт сөндіруші өз қызметін атқарудан жасқаншақтап қалды. Біздің абыройымызға нұқсан келді», - деп түйді Руслан Екішев.