Шымкентте театр дәлізінде ұйықтап қалған полицейлер жазаланбақ
фото:nur.kz
ERNUR.KZ. Шымкентте театр дәлізінде ұйықтап қалған полицейлердің фотосы әлеуметтік желіде тарап кетті. Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Алмас Садубаев қазіргі уақытта қызметтік тексеріс болып жатқанын, алдағы уақытта қызметкерлер жазаланатынын айтты деп жазады nur.kz.
Дәлізде тәтті ұйқыға батқан тәртіп сақшыларының суреттерін Ербол Жұмағұл өз Facebook парақшасында жариялаған.
"Театрға кірсем, полицейлер ұйықтап жатыр. Дәлізде. Олардың бірі-офицер құқық қорғаудың айқын музыкасын көрсетіп, қорылдап жатыр. Ал негізі контртеррористік оқулар жүріп жатқан екен. Терроршыларға жаным ашиды" ,- деп жазған Ербол Жұмағұл.
Ішкі істер министрлігі ұйқыда жатқан полиция қызметкерлерінің суреттері қаралғанын айтты.
"Бұл жағдай Шымкент қаласында орын алған. Қазір қаланың Ішкі істер департаменті қызметтік тексеріс жүргізіп жатыр. Олар қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылатын болады. Қызметкерлердің кім екені анықталды" ,- деп жазды Садубаев.