Тиісті құжатқа қол қойылды.
Фото: РБК
ERNUR.KZ. Санкт-Петербург қаласында Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр мен "Газпром" АҚ басқармасының төрағасы Алексей Миллер кездесті. Тараптар газ саласындағы ынтымақтастықты дамыту перспективаларын талқылады, деп жазады inbusiness.kz.
"Газпром" компаниясының ресми сайтында шыққан ақпаратқа сәйкес, тараптар қазақстандық газды Ресейде ұзақ мерзімді негізде қайта өңдеу бойынша негізгі шарттар туралы келісімге қол қойған.
Құжатқа сәйкес, Қарашығанақ кен орнынан өндірілетін газды Ресейдегі Орынбор газ өңдеу зауытында қайта өңдеу жоспарланған. Зауыт жаңғыртудан өтетіні туралы айтылған.
"Ресейден Қазақстанға жаңа магистральдық газ құбырын салу жобасын іске асыру туралы меморандумға қол қойылды", – делінген хабарламада.
Айта кету керек, Санкт-Петербургте XIV халықаралық газ форумы өтіп жатыр. 2023 жылы "Газпром" компаниясы мен Қазақстан үкіметі стратегиялық әріптестік туралы келісімге қол қойған.