Іс-шара Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйымдастыруымен Ресей Мәдениет министрлігінің қолдауымен өтеді.
ERNUR.KZ. 2025 жылғы 10–13 қазан аралығында Мәскеу қаласында Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы мәдени күндері өтеді, деп хабарлайды ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі.
Іс-шара Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйымдастыруымен Ресей Мәдениет министрлігінің қолдауымен өтеді. Мәдени күндер екі ел арасындағы мәдени-ақпараттық ынтымақтастықты нығайтып, екіжақты қатынастарды дамытуға бағытталған.
10 қазан – 23 қараша аралығында Жаңа Третьяков галереясында «Қазақстан өнерінің жауһарлары» көрмесі өтеді. Ә. Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінің коллекциясынан Қазақстанның жетекші қылқалам шеберлерінің 43 туындысы қойылады.
Сонымен қатар Мемлекеттік Третьяков галереясының қорынан алынған 17 кескіндеме мен 11 мүсін жұмысы ұсынылады.
Қазақстанның мәдени күндері аясында Қазақстандық кино күндері де өтеді. 10 қазан күні Мәскеудегі «Поклонка» кинотеатрында режиссер С. Өтепбергеновтың «Патриоттар уақыты» атты әскери экшн фильмі және режиссер Б.Шекеровтың «1941 жылдың жазы» кинокартинасы көрсетіледі.
11 қазанда аталған кинотеатрда режиссер Ф.Шәріповтың «Тоқта, түн» фильмі көрсетілсе, кешке режиссер А.Сахаманның «Дос-Мұқасан» фильмі ұсынылады.
12 қазан күні мәскеулік көрермен режиссер М. Тұрдыбектің ежелгі сақтардың киелі тарихын, тұрмысы мен мәдениетін, әскери өнерінен сыр шертетін «Алтын адам» толықметражды анимациялық фильмін тамашалай алады. Кешкі бөлімде режиссер Т. Дулатовтың «90+1» фильмі көрсетіледі.
Театрсүйер қауым үшін 13 қазан күні Ресей мемлекеттік академиялық кіші театрында Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының «Парасат майданы» қойылымы сахналанады.
«Парасат майданы» – адамның ішкі әлемі мен рухани құндылықтары туралы сыр шертетін психологиялық драма. Қойылым қазақ әдебиетінің классигі Төлен Әбдік шығармаларының негізінде қойылған.
Мәдени күндердің маңызды іс-шарасы – 12 қараша күні Ресейдің мемлекеттік академиялық Үлкен театрында Қазақстан өнерпаздарының қатысуымен өтетін гала-концерт. Іс-шара Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресей Федерациясына мемлекеттік сапары аясында ұйымдастырылады.
Мәдени күндер аясында өтетін іс-шараларға Ресей мен Қазақстанның зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, жазушылар, дипломатиялық корпус пен шығармашылық одақтар, сондай-ақ қазақ диаспорасының өкілдері қатысады.