Ресейде жол апатынан екі қазақстандық қаза тапты

0
128

Жол апатына мас күйінде әрі жүргізуші куәлігінсіз көлік тізгіндеген әйел себеп болған.


Ресейде жол апатынан екі қазақстандық қаза тапты

Ulysmedia коллажы

ERNUR.KZ. Ресейде болған жантүршігерлік жол апатынан Қазақстанның екі азаматы көз жұмып, тағы үш қазақстандық, оның ішінде 13 жастағы қыз бала жарақат алды, деп жазады ulysmedia.kz.

Ресейдің Алтай Республикасы Мемлекеттік автоинспекциясының мәліметінше, жол апатына мас күйінде әрі жүргізуші куәлігінсіз көлік тізгіндеген әйел себеп болған.

Қайғылы оқиға 27 шілде күні кешкі сағат 20:30 шамасында Ұлаған ауданындағы Ақташ ауылының маңында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, Toyota Avensis автокөлігін басқарған 31 жастағы жергілікті тұрғын қарсы қозғалыс жолағына шығып кетіп, Қазақстанның 40 жастағы азаматы тізгіндеген Chevrolet Nexia көлігімен соқтығысқан.

Соққының қатты болғаны сонша, Chevrolet жүргізушісі мен оның 44 жастағы жолаушысы ауыр жарақатпен Ақташ аудандық ауруханасына жеткізілген. Алайда дәрігерлер олардың өмірін сақтап қала алмады.

13 ЖАСТАҒЫ ҚЫЗ БАЛА ЖАРАҚАТ АЛДЫ

Жол апаты салдарынан тағы төрт адам түрлі жарақат алған. Ауруханаға Toyota көлігіндегі 21 жастағы жолаушы, сондай-ақ Chevrolet көлігіндегі екі 63 жастағы ер адам мен 13 жастағы қыз бала жеткізілген.

Ресейлік құқық қорғау органдарының мәліметінше, Chevrolet көлігіндегі қаза тапқандар мен зардап шеккендердің бәрі – Қазақстан тұрғындары.

Ал апатқа кінәлі болуы мүмкін әйел жеңіл жарақат алып, ауруханаға жатқызылмаған.

МАС КҮЙДЕ ЖӘНЕ ЖҮРГІЗУШІ КУӘЛІГІНСІЗ ОТЫРҒАН

Тергеу барысында әйелдің көлікті жүргізу құқығы болмағаны және рөлге мас күйінде отырғаны анықталған.

– Тексеру барысында әйелдің көлік құралын басқаруға құқығы жоқ екені әрі мас күйде болғаны белгілі болды. Оқиға бойынша тексеру жүргізіліп жатыр. Оның қорытындысы бойынша заңға сәйкес процессуалдық шешім қабылданады, – деп хабарлады Алтай Республикасы Мемлекеттік автоинспекциясы.