Төтенше жағдайларды жою үшін облыс полицейлері жүру бағыттарының сызбасын, күш пен құралдардың санын нақтылап, хабарлау жүйесін тексеруде.
ERNUR.KZ. Солтүстікқазақстандық тәртіп сақшылары су тасқынына қарсы іс-шараларды қолға алды, деп жазады ҚазАқпарат.
Солтүстік Қазақстан облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, полиция бастығы Берік Біләлов аудандық полиция бөлімдерінің жеке құрамымен кездесті. Күн тәртібіндегі мәселе - су тасқынына қарсы іс-шараларға дайындық.
Облыстық полиция ведомствосының бастығы аудандық полицейлерге су тасқынын үнемі бақылап отыруды тапсырды. Бұл ретте учаскелік полиция инспекторларына үлкен міндет жүктеледі. Олар өздері қызмет көрсететін учаскелердегі болып жатқан барлық өзгерістер туралы шұғыл түрде кезекші бөлім мен төтенше жағдайлар қызметкерлеріне хабар беріп, құқық бұзушылықтар мен тонаушылықтарға жол бермеулері қажет. Берік Біләлов өткен жылдардағы болған су басу кезіндегі сияқты биылғы жылы да полиция қызметкерлері алғы шепте болып, тұрғындар мен жергілікті атқарушы органдарға жан-жақты көмек көрсетулері тиіс екендігін айтты.
Төтенше жағдайларды жою үшін облыс полицейлері жүру бағыттарының сызбасын, күш пен құралдардың санын нақтылап, хабарлау жүйесін тексеруде. Жыл басынан жолдардың жағдайына 291 тексеріс жүргізіліп, анықталған кемшіліктерді жою үшін 286 нұсқама берілген.
«Тасқын суға қарсы іс-шаралар аудандарда ғана емес, облыс орталығында да жүргізілуде. Қазіргі уақытта табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар орын алғанда халықты арнайы дыбыс зорайтқыш құрылғы арқылы хабардар етуге арналған қажетті ақпарат барлық патрульдік автокөліктерге берілген. Патрульдік полицияның стационарлық және жылжымалы бекеттерінде жол қозғалысына қатысушылардан көктемгі тасқын кезінде адамдарға қауіп туғызатын жолдардың бұзылуы, басқа да өзгерістер сұралады», - дейді баспасөз қызметінің мамандары.
СҚО-ның Уәлиханов ауданында тасқын сумен күресу үшін облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың жетекшілігімен жедел штаб құрылды. Қазір бұл ауданда өңірдің құтқарушыларынан бөлек Нұр-Сұлтан қаласының және Павлодар облысының мамандары жұмыс істеп жатыр.