«Спутник V» вакцинасын салдырған «Болашақ» студенттері шетелге шыға алмай жатыр

0
761

Шетелде оқитын студенттер вакцинаны салдыруға «Болашақ» демеушілік жасамай ма деген де ұсыныстарын жеткізді.


«Спутник V» вакцинасын салдырған «Болашақ» студенттері шетелге шыға алмай жатыр

ERNUR.KZ. «Болашақ» халықаралық стипендиясымен оқып жатқан студенттер вакцинация мәселесіне байланысты шетелге оқуға бара алмай жатыр, деп хабарлайды Zakon.kz.

Ulysmedia.kz сайтында «Болашақ» стипендиясы чатындағы әңгімелердің скрині жарияланды. Онда студенттер стипендия әкімшілігіне вакцинаға байланысты қиындықтар туып жатқанын, осы ретте бағдарлама әкімшілігі мәселені шешуге көмектесуін сұрап жазып жатыр.

Бұл орайда Айнұр Кәрбозова аталған мәселе бойынша хаттың Денсаулық және спорт министрлігіне жолданғанын және елімізде ақылы Pfizer вакцинасын алу мүмкін емес екенін жеткізді.

Министрлікке хат жолданды. Pfizer-ді әзірге балалар мен жүкті әйелдер ғана тегін ала алады, осы категория толық вакцинадан өтпейінше, стипендиаттарға әзірге рұқсат берілмейді.Халықаралық бағдарламалар орталығының президенті

Шетелде оқитын студенттер вакцинаны салдыруға «Болашақ» демеушілік жасамай ма деген де ұсыныстарын жеткізді.

«Стипендиаттарға вакцинаны осылай алатындай бізде не болып жатыр өзі?Жарайды, Pfizer мен Қытай вакцинасын алу мүмкін емес. Өркениетті түрде екпе алуымызға «Болашақ» демеу бола ма?!» деген сұрақ қойыпты бір студент Халықаралық бағдарламалар орталығының президенті Айнұр Кәрбозоваға.

Студенттердің арасында вакцинаны Бішкекке барып алған соң, шетелге шығуға мүмкіндік алғандар бар.

«Вакцинаға байланысты АҚШ-қа шыға алмай отырғандарға кішігірім ақпарат. Мен екінші вакцинаны алу үшін Бішкекке бардым. Кез-келген поликлиникада салып береді, тек Америка мен Спутникке қатысты барлығын айтып қажеті жоқ. Тек екінші дозаны Бішкектен алғым келеді деп айтсаңыз болды, қалғанын жекеге жазайын», – деп мәселені өз бетінше шешкенін айтып, шешу жолын ұсынды.

Алайда Бішкекке барып-қайту 130 мың теңгенің көлемінде, мұндай шығынды екінің бірінің қалтасы көтере бермейтіні анық.

Біз бұған дейін де халыққа екпе салу жұмыстары жоспарлы түрде жалғасып жатқанымен, ДДСҰ мойындамаған вакцинаны алған қазақстандықтар АҚШ-қа кіре алмай жатқаны турасында хабарлаған болатынбыз. Ал мемлекет басшысының тапсырмасымен кеш жеткізілген «Pfizer» вакцинасын халықтың арнаулы топ өкілдері ғана ала алады.