Су тасқынының салдарынан ГЭС қызметкерлері шұғыл түрде эвакуацияланды (видео)

0
1 007

ШҚО-да тасқыннан қорыққан жұрт жанын шүберекке түйіп отыр


Су тасқынының салдарынан ГЭС қызметкерлері шұғыл түрде эвакуацияланды (видео)

ERNUR.KZ. Шығыс Қазақстан облысында құрылыс жұмыстары жүріп жатқан гидроэлектр станциясынан жұмысшылар шұғыл түрде эвакуациялады. Таудағы еріген қар мен мұздықтар, оған қоса нөсерлеп жауған жаңбыр гидроэлектростанцияның судың астында қалуына себепші болды, деп хабарлайды ktk.kz.

Тұрғұсын өзеніндегі су деңгейі күрт өсіп және станцияның бірнеше аумағын су басып қалды. Қазір ол жердің суын жақсылап сорып жатыр. Сондай-ақ, Риддер қаласының маңындағы жағдай да мәз емес. Ол жерде қатты су ағыны бірнеше жолды шайып, жырып кеткен.

Қазір тұрғындар жергілікті және кішігірім Кедровка тау өзеніне сағат сайын барып, су деңгейін мұқият бақылап жүр. Бірақ, ол өзендегі су ағыны одан әрі күшеймесе, басылмаған. Судың астында қалудан қорыққан тұрғындардың көпшілігі қазірдің өзінде қажетті заттарын, құжаттарын жинап қойып, кез келген уақытта эвакуациялануға дайын тұр.

Дегенмен, құтқарушылар жағдайдың бақылауда екенін айтып, дүрбелең туғызбауға шақырады. Бірақ, 14 отбасы тұратын Кедровка кентінің тұрғындары сонда да мүліктері мен үй-жайлары үшін алаңдаулы. Көпшілігі барынан айырылып қалудан қорқады.

Бұдан бөлек, Тұрғұсын өзеніндегі жағдай да көңіл қуантарлық емес. Ол жерде жергілікті ГЭС қызметкерлерін эвакуациялауға тура келген. Себебі, су деңгейі санаулы минуттарда көтеріліп кеткен. Ал судың жылдамдығы секундына 300-ден 800 текше метрге дейін өсті. Соның салдарынан құрылыс жұмыстары жүріп жатқан гидроэлектрстанцияларының учаскесі, тіпті кейбір арнайы техникалар су астында қалды. Қазір су тасқынынан келген шығын есептелуде.