Түркістан облысында төтенше жағдай режимін бұзудың​ тағы​ екі жайты тіркелді

0
1 471

Келін түсірген қос мақтаралдық төтенше жағдай режимін тосқауыл көрмей тойлатқаны үшін енді заңмен жауап беретін болады.


Түркістан облысында төтенше жағдай режимін бұзудың​ тағы​ екі жайты тіркелді

иллюстрациялық фото ашықдереккөзден

Мереке күндері тағы да төтенше жағдай режимін бұзған мақтаралдық екі тұрғын беташар тойын өткізген деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Түркістан облысында төтенше жағдай режимін бұзудың тағы екі жайты тіркелді. Наурыздың 22-23 күндері Мақтарал ауданының екі тұрғыны да өз үйінің ауласына туған-туыс, көрші-қолаңын жиып беташар тойын ұйымдастырған.

Келін түсірген қос мақтаралдық төтенше жағдай режимін тосқауыл көрмей тойлатқаны үшін енді заңмен жауап беретін болады. Құқық бұзғандарды Түркістан облысы Мақтарал ауданының полицейлері анықтаған. Тәртіп сақшылары күшейтілген режимде жұмыс істеп, үздіксіз рейд шараларын өткізуде.

"Осындай күшейтілген режимде жұмыс атқарудың нәтижесінде беташар тойын жасаған екі тұрғын анықталды. Олар ҚР-ның Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың енгізген төтенше жағдай режиміне немқұрайлық танытып, адамдардың басын қосып жиын өткізген. Мереке күндері беташар тойын ұйымдастырған ауылдың екі тұрғынына ҚР ӘҚБтК-нің 476-бабы «Төтенше жағдай режимiн бұзу» бойынша хаттамалар толтырылды,"- деп мәлімдеді Түркістан облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Аталған жайттарға байланысты құжаттар Мақтарал аудандық сотына жолданды.

Айта кету керек, төтенше жағдай режимі кезеңінде той-жиын өткізушілер тыйылмай отыр. Бірнеше күн бұрын ғана дәл осы Мақтарал ауданында беташар тойын өткізген тұрғын анықталып, заңмен жазаланған болатын.