"Украинаның кейпін киеді": Мемлекеттік Дума Тоқаевтың мәлімдемесінен кейін Қазақстанға сес көрсетті

0
1 024

Петербург Халықаралық экономикалық форумы пленарлық отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев РФ басшысы Путиннің жанында отырып, Луганск пен Донецк елдерінің тәуелсіздігін мойындамайтынын айтқан еді.


ERNUR.KZ. Ол Донбасс халық республикаларын — "квазимемлекеттік" деп атаған, деп жазады Stan.kz.

Тоқаевтың іс-әрекеті дұрыс болмады, бірақ оның ұстанымы солай екенін болжауға болатын еді. Бұл туралы “Говорит Москва" радиостанциясына сұхбат берген РФ Парламенті төменгі палатасының ТМД істері жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары Константин Затулин мәлімдеді. Оның пікірінше, РФ одақтастары өздеріне пайда керек кезде ғана онымен ынтымақтасуға ниет білдіреді, ал басқа жағдайларда Ресейді қолдамайды.

"Қазақстан бұл екі елді мойындамағаны және алдағы уақытта да мойындамайтыны Тоқаевтың мәлімдемесінсіз-ақ айқын еді. Бірақ Тоқаев Путиннің жанында бұл туралы ашық айтты. Менің ойымша, бұл дұрыс болмады. Қасында отырған президентке қарсы шығып отырғандай көрінді. Біздің ТМД, Еуразиялық одақ және ҰҚШҰ бойынша одақтастарымыз өздерінің міндеттемелері мен одақтастығын ерекше түсінетініне күмәнім болған жоқ. Олар барлық интеграциялық жиындарға швед дастарханы секілді қарайды. Өздеріне ұнайтынын алады да, ұнамайтынын тастап кетеді. Олардан ешкім ештеңе күтпеген кезде, ең болмаса үндемей қалуы керек қой.

Олар орыс халқы басым бірқатар облыстарының, елді мекендерінің халқы өздерінің Қазақстан деп аталатындығына наразы екенін жақсы біледі. Біз барлық жерде соның ішінде Украинаға қатысты айтамыз. Біздің елмен достық, ынтымақтастық және серіктестік болса, онда ешқандай аумақтық мәселелер көтерілмейді. Егер бұл айтқандар болмаса, онда бәрі де мүмкін. Украинаның кейпін киеді. Сондықтан, менің ойымша, Қазақстан істің осы жағына назар аударуы керек", – деді ол.

Айта кетсек, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Санкт-Петербург Халықаралық экономикалық форумында Луганск пен Донецкке қатысты пікір білдірген болатын.

"Екі ұстаным бір-біріне қарама қайшы келеді. Егер солай болса, бұл ұстанымдар бір-біріне қарама-қайшы, түрлі түсіндірмесі бар. Біреулер "мемлекеттің аумақтық тұтастығы – бұл мызғымайды" дейді. Өзгелері, белгілі бір мемлекеттің құрамындағы кез келген халық өзінің мемлекеті болуға құқылы және өз мемлекетін құра алады әрі қалауымен одан бөлектене алады. Егер ұлттарға таңдау құқығы берілсе, онда жер шарында 193 мемлекеттің орнына 500-600 мемлекет құрылар еді. Осы себепті біз Тайваньді, Косовоны, Оңтүстік Осетияны және Абхазияны да мойындамаймыз. Біз бұл принципті сонымен қоса Луганск және Донецк квазимемлекеттік бірлестіктеріне қатысты қолданамыз", – деген еді мемлекет басшысы.