Ұлттық қордан қаражатты пайдалануға бірінші болып Тараз бен Шымкент қалаларының тұрғындары өтінім берген

0
4 452

Еnpf-otbasy.kz платформасын бүгін ең алғашқы болып Тараз және Шымкент қалаларының студенттері пайдаланды.


Ұлттық қордан қаражатты пайдалануға бірінші болып Тараз бен Шымкент қалаларының  тұрғындары өтінім берген

2024 жылдың 1 ақпанынан бастап 18 жасқа толған қазақстандықтар Ұлттық қордан алынған жинақтарын пайдалана алады. Оны Отбасы банктің ("Бәйтерек" холдингінің еншілес ұйымы) enpf-otbasy.kz платформасы арқылы онлайн режимінде жүзеге асыруға болады, деп хабарлайды ERNUR.KZ банктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Еnpf-otbasy.kz платформасын бүгін ең алғашқы болып Тараз және Шымкент қалаларының студенттері пайдаланды.

Диас Болат, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің екінші курс студенті. Ол болашақ дене шынықтыру мұғалімі. 18 жастағы тәлімгер enpf-otbasy.kz платформада ең бірінші болып ағымдағы шот ашқан. Ол «Ұлттық қор –балаларға» жобасынан аударылған қаражатты Отбасы банкінің депозитіне салып, болашақта баспана алуға қаражат жинаймын –деп жоспарлап отыр.
Шот ашуда ширақтық танытқан Диас пен оның анасын Отбасы банк Басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова бейнебайланыс арқылы жеке құттықтап, оқуында табыстар тіледі. Диас отбасында бесінші бала екен.
"Балалардың барлығын маңызды әрі тарихи оқиғамен құттықтаймын –оларға еліміздің Ұлттық қорының инвестициялық табысынан алғашқы төлемдер түсе бастады. Бүгінде 18 жастағы қазақстандықтар бұл қаражатты екі мақсатқа -тұрғын үй жағдайын жақсартуға және оқу ақысын төлеуге жұмсай алады. Қазақстанның оңтүстік облыстарының жас тұрғындары ең епті болып шықты. Бұл Тараз және Шымкент студенттері. Олардың екеуі де қаңтарда 18 жасқа толған.Студенттер Ұлттық қордан алған қаражаттарын оқу ақысына ішінара төлеуге және баспана алуға біздің банк арқылы қаражат жинауға жұмсауды жоспарлап отыр. Мен олардың шешімін қолдаймын, - деп атап өтті «Отбасы банк» АҚ Басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова.
"Ұлттық қор-балаларға" жобасының тағы бір қатысушысы Дастан Ахмет. Ол Шымкент қаласының тумасы. Бірінші курс студенті enpf-otbasy.kz платформасы арқылы ағымдағы шот ашып қана қоймай, бірінші болып БЖЗҚ-дан өз төлемдерін сұратып үлгерген. Қаражат БЖЗҚ-дан оның Отбасы банкіндегі ағымдағы шотына аударылғаннан кейін, ол М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіндегі оқуының бір бөлігін төлей алады. Болашақ IT маманы ақылы бөлімде оқиды екен. Ал Ұлттық қор төлемдері студенттің отбасылық бюджетіне жүктемені жеңілдетеді.
Ақпан айында Отбасы банктің Басқарма төрағасы қаржы құрылымының қызметкерлерімен бірге, Ұлттық қор төлемдерін пайдаланудың барлық мүмкіндіктерін егжей-тегжейлі түсіндіру үшін, еліміздің ірі университеттерінің бірінші курс студенттерімен ашық есік форматында дәрістер өткізуді жоспарлап отыр.
Жалпы биыл 300 мыңнан астам қазақстандық бала кәмелетке толғанын атап өтеді және Ұлттық қордан өз төлемдерін ала алады. Оларға ыңғайлы болу үшін Отбасы банк enpf-otbasy.kz платформасын пысықтап үлгерді. Оған кіру үшін электронды цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) қажет. Содан кейін порталда ағымдағы шот ашу керек.
Егер «Ұлттық қор-балаларға» жобасының қатысушысы Отбасы банкінің клиенті болса, онда ағымдағы шот платформада ашылады. Егер жобаға қатысушы осы уақытқа дейін банктің клиенті болмаса, онда ағымдағы шотты Отбасы банкінің жаңа мобильді қосымшасында ашуға болады. Ол үшін App store/Play market дүкенінен «Otbasy bank lite» мобильді қосымшасын жүктеп алу қажет. Сондай-ақ Баспана маркет порталында шот ашуға болады (otbasybank.kz), банк бөлімшелерінде, кеңесшілердің көмегімен немесе банктің hcsbk.kz сайтына өтіп, бейне-қоңырау арқылы ашуға болады.
Содан кейін www.enpf-otbasy.kz платформасындағы жеке кабинетте БЖЗҚ-дан қаражат алуға сұрау салу және мақсатты таңдау қажет. БЖЗҚ қаражаты ағымдағы шотқа түскен кезде, клиент ақшаны мақсатты пайдалануды растайтын құжаттарын беруі қажет. Банк өтінімді, салынған құжаттарды тексереді және оң шешім қабылданған жағдайда қаражатты нысаналы мақсаты бойынша бағыттайды.