Жалған құжат тапсырған 300-ден астам студент оқудан шығарылды

0
2 495

Антикор өкілдері М.Х Дулати атындағы Тараз өңірлік университетіне мониторинг жүргізді.


Жалған құжат тапсырған 300-ден астам студент оқудан шығарылды

Тараздағы мемлекеттік университеттің 300-ден астам студенті оқудан шығарылды. Басты себеп - шәкірттер оқуға түсерде жалған құжаттар жасатқан. Бұл жәйт Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметі өкілдерінің жүргізген тексерісі барысында белгілі болды. ҰБТ мен кешенді тестілеуден өтуге білім деңгейі жетпегендер "шетелдердегі жоғарғы оқу орындарына түстік" деген жалған құжат жасатып, белгілі бір уақыттан соң өз елімізде сабағын жалғастырмақшы болған. Алайда, олардың бұл ойы іске аспады, деп хабарлайды ERNUR.KZ Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.


Антикор өкілдерінің жүргізген мониторингі М.Х Дулати атындағы Тараз өңірлік университетіне жыл сайын бірінші семестрден кейін шетелдік оқу орындарынан ауысуға өтініш білдіретіндер көбейе түсетінін көрсеткен. Биыл 400-ден астам студенттен өтініш жолданыпты. Олардың 75 процентінің құжаты жалған боп шыққан. Яғни, шәкірттер көрші елдердегі жоғарғы оқу орындарына құжат тапсырғандай болып, сертификатпен өз елімізге ауысып келмекші болған. Тексеріс барысында кей студенттер шетелдерде оқымақ түгілі, онда тіркелмеген де боп шыққан.


- Олар кешенді тестілеуге де, Ұлттық бірыңғай тестілеуге де қатыспай шетелдік жоғарғы оқу орындарына түсіп, белгілі бір академиялық кезеңнен кейін Қазақстандық жоғарғы оқу орындарына ауысып келулеріне мүмкіндіктері бар. Өкінішке орай шетелдік жоғарғы оқу орындарынан фактілері дәлелденбеген құжаттар арқылы ауысып келу жағдайлары орын алуда, - дейді М.Х Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің басқарма төрағасы Ержан Әмірбекұлы.

«Жамбыл - адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің мамандары осы студенттермен хабарласып, сұрау жүргізген. Алайда, олардың дені оқудан шығып қалғандарын білмейтін де болып шықты. Сондай-ақ, қалайша студент атанғанын да ашып айта алмады.

-Бішкек па Сіздердікі?
-Иә
-Сол жерде лицензиясы жоқ, сертификат сай келмейді деген себептермен оқудан шығарған екен. Сіз ол туралы хабарыңыз жоқ па?
-Жоқ, ескертпеді.
-Сіз бұл оқуға қалай түсіп едіңіз, кім арқылы түсіп едіңіз?
-Сол жерде бір кісімен сөйлескенбіз, деканы ма сондай.
-Есімі кім?
-Есімін ұмытып қалдым

Бұл деректер бойынша студенттер жауапкершілікке тартылмайды. Олар алаяқтардың құрбаны саналады екен. Дегенмен, құзырлы орган өкілдері мұндай заңсыз әрекеттердің артында кімдер тұрғандығын толықтай анықтаймыз, дейді.


- Ешқандай Ресей де емес. Біздің елде белгілі бір адамдардың жасап отырған іс әрекеттері. Түбегейлі түбіне дейін жеткізетін боламыз. Суденттермен әңгімелесу арқылы кім арқылы жалған оқу орындарына шыққаны тағы да басқа тексеру амалдарын жүргізетін боламыз, - дейді ҚР СЖҚІҚА ЖОБ департамент басшысының бірінші орынбасары Равиль Төлебаев.

Мұндай заңсыз әрекеттерді болдырмау үшін енді өзге де оқу орындарында тексеру жүргізу көзделуде. Мамандар жалған құжатпен оқып жатқандардың саны бұдан да көп болуы әбден мүмкін екенін айтады.